фото: https://sputnik.kz
Шекара заставаларын: "Жаяу адам жапырып, атты адам опырып өтеді"
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов үкіметтік комиссия құрып, құрлықтағы және теңіздегі барлық шекара қызметін тексеріп шығуды ұсынды.
Әшімжанов премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында үкімет назарын елдегі шекара бөлімшелеріне аударды.
Депутат жуырда Алматы облысы Панфилов ауданындағы Шекара басқармасы, Нарынқол-Ұйғыр ауданындағы "Райымбек" шекара заставасы, Кеген ауданындағы "Саты", "Рабат" шекара бөлімшелерін аралап, шекарашылардың әлеуметтік жағдайымен танысқан. Сондай-ақ "Қастек", "Жамбыл", "Қарғалы", "Қаскелең", "Алма арасан" шекара бөлімшелеріне де барған. Бұл шекарашылар Қытай мен Қырғызстан шекарасын күзетеді.
"Шекарашылардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы сын көтермейді. Арнайы мақсаттағы нысандардың дені күйреп тұр. Шекарашылар тұратын ғимараттар күрделі жөндеуді, көгілдір отынмен қамтуды, жарықтандыруды, бейнебақылау мен электр жүйесін жабдықтауды талап етеді", - деді мәжілісмен.
Айтуынша, маңызды нысандарды салу және күрделі жөндеу бойынша Алматы облысы әкімдігімен ортақ келісім бар. Шекара бөлімшелерінің инфрақұрылымы жол картасына да енген, бірақ мәселе әлі шешімін таппай отыр. Ал соңғы бес жылда қауіпсіздік саласына бөлінген қаржыда есеп жоқ, дейді депутат.
Мәселен, Әшімжановтың сөзінше, "Саты", "Рабат" заставасының шекарашылары 90-жылдары салынған ескі монша мен есік-терезесі аңғал-саңғал балабақшада тұрып жатыр. Панфилов ауданындағы шекара басқармасы 1892 жылы салынған ғимаратқа орналасқан. Шонжыдағы "Райымбек" заставасының әскерилері тұратын үйлер мен спортзал, кітапхана, мәжіліс залының төбесінен су ағып, қабырғалары сетінеп тұр.
"Түрлі қару-жарақ сақталған шекара заставаларының қоршауларын жаяу адам жапырып, атты адам опырып өтеді. Осыдан кейін шекаралық өңірлерге отбасымен барып қызмет етіп жүрген офицерлік құрам мен әскери борышын өтейтіндерге "шекарамызды қас қақпай күзетіңдер" деп қалай талап етеміз? Болашақ шекарашыларды қалай ынталандырамыз?", - деп қапаланды ол.
Осыған байланысты Әшімжанов елдің құрлықтағы және теңіздегі барлық шекара қызметінің материалдық-техникалық базасы мен әлеуметтік нысандарын арнайы үкіметтік комиссиямен тексеруді, Алматы облысындағы шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жеделдетіп шешуді ұсынды.
Сонымен қатар, оның пікірінше, мектептерде отансүйгіштікті насихаттайтын бағдарламаларды күшейту қажет.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через