фото: https://sputnik.kz
Ресейлік астықты Қазақстан арқылы Өзбекстан, Ауғанстан мен Тәжікстанға заңсыз экспорттағандар анықталды. Тасымалданған астық құны – 1 млрд теңге.
Сұр импортының схемасын ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті облыстық көлік прокуратурасымен бірлесіп анықтаған.
«ЖШС 2021-2022 жж. 1 млрд теңгеден астам сомаға 8,3 мың тонна ресейлік астықты Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға экспорттаған», дейді ҚМА.
Бұл ретте қазақстандық компания жеңілдетілген экспорттық тарифті пайдалану үшін отандық шаруа қожалықтарынан астықты қазақстандық деп растайтын жалған шот-фактуралар алған көрінеді.
«Бұл транзиттік тарифтен жалтарып, «ҚТЖ Жүк тасымалы» ЖШС-не 150 млн теңгеге жуық сомасында залал келтіруге әкеп соқты», делінген хабарламада.
Ал Бас көлік прокуратурасы «Қазақстан темір жолы » АҚ басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлады. Оларға заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірді деген айып тағылып отыр.
«Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен Бас көлік прокуратурасы заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру фактісі бойынша «ҚТЖ» АҚ басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады», делінген хабарламада.
Арызға сәйкес келтірілген алдын ала залал 1,5 млрд теңге деп көрсетілген.
Бас көлік прокуратурасы басқа ақпараттың тергеу мүддесіне сай жария етілмейтінін хабарлады.
Бұған дейін Бас көлік прокуратурасы «ҚазТрансОйл» АҚ ашық конкурс тәсілімен өткізген тендерлеріне қатысушыларға басы артық талап қойғанын анықтаған. Компания жалпы сомасы 12,8 млрд теңгеге автокөлік құралдарын жалға алмақ болған. Бірақ тендерге қатысушылардың біліктілігіне қатысты артық талап қойып отырған.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через