Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қуаңшылықтан ауыл шаруашылығы қатты зардап шегіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, "ауа-райының қолайсыздығына қоса болжам жасау жұмысының тиімсіздігінен ахуал ушығып кеткен".
– Әсіресе, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жағдай күрделі. Бір ғана Маңғыстаудың өзінде жаппай қырылған малдың саны 3 мыңға жетті. Бір тонна шөптің орташа бағасы 23 мың теңге, ал кейбір аймақта 42 мың теңге болды, – деді ол.
Тоқаевтың сөзінше, "әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы министрлігі дұрыс шешім қабылдамай, жүйелі әрі нақты жұмыс атқармаған, соның кесірінен шаруалар тығырыққа тірелген".
– Министрлік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыра алған жоқ. Сондықтан осы салаға бірден-бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін. Бұл жұмыс, әсіресе, дағдарыс кезінде қолыңыздан келмейді екен, – деді Тоқаев 2019 жылғы ақпаннан бері министр қызметін атқарып келген Омаровқа.
Президент үкімет пен әкімдерге қуаңшылық зардабын шегіп жатқан аймақтарға жем-шөп жеткізіп, малдың қырылуын тоқтатуды, төтенше шара ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан шөп жинау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
– Мемлекет міндетті түрде қажет көмекті көрсетеді, сондай-ақ шаруалар да ортақ жұмысқа атсалысуы керек, – деді ол.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через