Қазақстан көрші елдерге оқ-дәрі мен әскери техника береді

Қазақстан көрші елдерге оқ-дәрі мен әскери техника береді

Қазақстан көрші елдерге оқ-дәрі мен әскери техника береді

Қазақстан Қырғызстанға өтеусіз негізде әскери-техникалық көмек көрсетеді. Ел үкіметі бір рет патрондарды, оқ-дәрілерді және арнайы жабдықтарды береді.

Қазақстан Ауғанстандағы жағдайға байланысты Орта Азия өңіріндегі қауіпсіздікті нығайту үшін көрші елдерге әскери-техникалық көмек көрсетеді. Парламент Қырғызстан мен Тәжікстанға әскери мүлікті беру туралы келісімдерді ратификациялады.

Қырғызстанға  көмек

Қазақстан Қырғызстанға өтеусіз негізде әскери-техникалық көмек көрсетеді. Ел үкіметі бір рет патрондарды, оқ-дәрілерді және арнайы жабдықтарды береді.

Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаевтың айтуынша, Қазақстан үкіметі әскери мүлікті Қырғызстанның Қой-Таш елді мекеніне дейін автомобиль көлігімен жеткізу жөніндегі шығыстарды қамтамасыз етеді және өзіне алады.

Қырғыз тарапы алынған әскери мүлікті немесе оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермеуге уәде етті.

Тәжікстанға көмек

Сондай-ақ парламент Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтері арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялады.

Оған сәйкес, Қазақстан Тәжікстанға атыс қаруына патрондар, зениттік және миномет артиллериясына оқ-дәрілер береді.

Қазақстан үкіметі әскери мүлікті Тәжікстанның Душанбе қаласына теміржол көлігімен жеткізеді. Шығыстарды Қазақстан үкіметі өзіне алады.

Тәжікстанда кедендік мәселелерді рәсімдеуге арналған шығыстарға тәжік тарапы жауапты. Сондай-ақ Тәжікстан алынған әскери мүлікті немесе оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермеуге міндеттеледі.

 

Бұдан бөлек, сенат отырысында екі ел үкіметі арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісім де қаралды.

 

Құжатқа Тәжікстан Қазақстаннан әскери-техникалық көмек көрсетуді сұрағаннан кейін биыл 12 шілдеде қол қойылды.

"Келісім Тәжікстан тарапына әскери мүлікті бір рет беруді көздейді. Оның атауы мен көлемі дипломатиялық арналар арқылы келісілді. Қазақстан тарапы әскери мүлікті Жамбыл облысының Отар станциясынан Душанбе қаласына дейін теміржол көлігімен жеткізіп, барлық шығынды өзі көтереді", - деді Руслан Шпекбаев.

Ал Тәжікстан тарапы Қазақстан берген әскери мүлікті тек тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолдануға және оларды үшінші тарапқа бермеуге міндеттенеді.

Министрдің орынбасары әскери мүлікті Тәжікстанға беру Қазақстанның жауынгерлік әзірлігі мен қорғаныс қабілетіне ықпал етпейтінін атап өттті. Өйткені бұл көмек Қазақстан Қарулы күштерінің ағымдағы жабдықтау қорының нормативінен тыс көрсетіледі. Заңды қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді.

Еске салары, Ауғанстан қазір Талибан* қозғалысының бақылауында. Террористік әрекетіне байланысты БҰҰ қозғалысқа санкция салған.

 

 

Мәтіндегі ақпарат туралы