Қазақстан бензинді қай елдерге сатады ?
Отандық бензин Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін мемлекеттерге тасымалданады. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан бензинді қай елдерге тасымалдайтынын айтты.
Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда бензин артығымен өндіріліп жатыр. Сол себепті отандық мұнай өнімдерін экспортқа шығаруға шешім қабылданды. Осы жұмысты келесі аптадан бастап қолға алу жоспарланып отыр.
"Кеше есеп бергенімде мені дұрыс түсінбеген сияқты. Қазақстандық бензин Қырғызстан мен Беларуське тасымалданады деп жазылды. Негізі, келіссөздер әлі аяқталған жоқ. Олар кейбір мәселе бойынша өз келісімін берген жоқ", - деді Бозымбаев.
Министрдің сөзіне қарағанда, Еуразиялық экономикалық одақ аясында мұнай өнімдерін тасымалдауға қатаң талап қойылады. Себебі ондай тауарлар салықсыз тасымалданады. Ал мұндай жағдайда реэкспорт, яғни бензинді одаққа кірмейтін басқа елдерге тиімді бағамен сатып жіберу қаупі бар. Осыған байланысты Қазақстан одаққа мүше елдерге мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау кезінде екіжақты келісімдерді ресімдеуге мүдделі. Бұл құжаттарда барлық қауіп-қатерлер ескеріледі.
"Келіссөздер әлі аяқталған жоқ. Ал бензинді тасымалдауды біз мүлдем басқа мемлекеттерден бастаймыз. Ол елдер Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейді. Бұл - Орталық Азия мен Еуропа мемлекеттері. Оларға Атырау мұнай өңдеу зауытының бензині жеткізіледі", - деп атап көрсетті Бозымбаев.
Министр Орталық Азияда отандық бензинді тасымалдау бағыттарын да атады. Олар - Өзбекстан мен Тәжікстан. Одан ары қарай Ауғанстанға жеткізіледі деген жоспар бар. Бүгінде ай сайын шетелге шығарылатын бензиннің көлемі де белгілі. Мәселен, АИ-92 маркалы бензин 60-70 мың тонна болса, АИ-95-тің көлемі бастапқыда 10-15 мың тонна шамасында болады.
"Жалпы, қазір Қазақстанда өндірілетін мұнай өнімдерінің 20 проценті экспортқа шығарылса, қалған 80 проценті ішкі нарықта қалады", - дейді Бозымбаев.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через