Президент: мектептер арасында білім сапасы бойынша орасан зор алшақтық бар

Президент: мектептер арасында білім сапасы бойынша орасан зор алшақтық бар
фото: https://sputnik.kz

Президент: мектептер арасында білім сапасы бойынша орасан зор алшақтық бар

Біз барлық оқушыға бірдей сапалы білім беруіміз керек. Бұл – мемлекеттің міндеті, деді Маңғыстау облысына барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Білім деңгейі әр баланың тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан, білім инфрақұрылымын дамыту және оның сапасын арттыру еліміз үшін басты басымдық болып отыр. Ең алдымен, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ісінің қолжетімді болуына назар аудару қажет. Маңғыстау облысында балабақша мәселесі толық шешімін таппаған", - деді мемлекет басшысы.

Өңірде 10 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Президент бұл мәселені шешу үшін мемлекет пен жекеменшік серіктестігін толық пайдалану керектігіне назар аударды.

"Биыл өңірде 17 жекеменшік балабақша ашылды. Бұл жұмысты жалғастыру қажет", - деді ол.

Тоқаев орта білім беру саласындағы жағдай да мәз емес екенін атап өтті. Облыстағы 13 мың оқушыға мектептен орын жетпей жатыр. Апатты жағдайда тұрған, үш ауысыммен оқытатын мектептер бар.

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы бойынша Маңғыстау аймағында алдағы үш жылдың ішінде 21 мектеп салынады. Бірақ, бұл да жеткіліксіз. Облыс әкімдігі үш жылдың ішінде үш ауысыммен оқытатын мектептердің мәселесін толық шешуге тиіс. Бұл жұмыста бизнестің мүмкіндігін кеңінен пайдаланған жөн. Қажетті тәжірибе бар", - деді президент.

Соңғы екі жылда аймақта 19 жекеменшік мектеп ашылған. Мемлекет басшысы облыста қала мен ауыл, Ақтау мен Жаңаөзен мектептері арасында білім сапасы бойынша орасан зор алшақтық бар екенін айтты. Бұған жол беруге болмайды, деді.

sputnik.kz