Президент Алматыда БҰҰ-ның өңірлік орталығын ашуды ұсынды

Президент Алматыда БҰҰ-ның өңірлік орталығын ашуды ұсынды
фото: sputnik.kz

Алматыда Орталық Азия және Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын ашатын уақыт келді. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

"Біздің аймақтың күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе – Ауғанстан. Ол тұрақты, өркендеген мемлекетке және сенімді сауда серіктесіне айналуы керек. Осы орайда Алматыда Орталық Азия және Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын ашатын уақыт келді. БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығын біздің осы бастамамызды қолдауға шақырамын", - деді президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Орталық Азия елдерімен көпжақты ынтымақтасты одан әрі нығайтуға ниетті екенін атап өтті.

"Біздің аймақ халықаралық қауымдастықтың "біртұтас әрі дербес" бөлігі ретінде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ дамудың жаһандық процестеріне өз үлесін қоса алады. Бақытымызға орай, экономикалық белсенділік артып келеді. Соңғы 5 жылда өңір ішіндегі тауар айналымы екі есе өсіп, 10 миллиард долларды құрады", - деп нәтижелерге тоқталды мемлекет басшысы.

ҚазАқпарат