Пандемия экспорттық бағдарды өзгертті

Пандемия экспорттық бағдарды өзгертті

Пандемия экспорттық бағдарды өзгертті

Пандемия басталғалы бері Қазақстанның тауар өндірушілеріне экспорттық бағдарды өзгертуге тура келді. Соңғы 1,5 жыл ішінде бұл бағытта отандық бизнеске QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы қолдау көрсетіп жүр.

QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары Әсел Егембердиеваның айтуына сүйенсек, мұздатылған ет экспорты дәстүрлі Қытай нарығынан Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдеріне ойысты.

«Айталық, «Оптоград» компаниясы Біріккен Араб Әмірліктеріне бағытталған экспорттың көлемін 500 мың долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік алды. Мақсары майын өндіретін KazIrAgro сауда-саттықты Қытайдың орнына уақытша Қатар және АҚШ елдерімен іске асырып келеді. Мамыр айында QazTrade бизнес серіктестерді іздеу мақсатында ең ірі жаһандық платформа – Opportunity Network компаниясымен келісім жасасқан Орталық Азиядағы алғашқы компания атанды. Енді клиенттеріміз 140 елде орналасқан 45 мыңдай компаниямен тікелей байланыс орната алады», деді Ә.Егембердиева.

Отандық өнімді сыртқы нарықтарда ілгерілетіп, сенімді сатып алушыларды табу үшін әлемнің 40 елінде орналасқан қазақстандық ұйымдармен экспорттық бағдарламаларды іске асыруға байланысты бастама көтерілді. Бұл ретте QazTrade-Елшілік-Бизнес коалициясы жұмыс істейтінін айта кеткен орынды. Осы тетік экспорттық сүйемелдеуді сапалы деңгейге көтеруге жол  ашты дейді мамандар. 

«Жыл басынан бері сарапшыларымыз шетелдік нарықтарға жиырмадан астам шолу, дайджест және бюллетень дайындап, сауда-саттықты жүргізудегі мүмкіндіктер мен тәуекелдерді анықтауға қатысты 60-тан астам талдау жұмысы іске асырылды.

QazTrade 30-дан астам кәсіпорынға экспорттық қызметті жақсарту бойынша ұсыныстар беріп, сондай-ақ 23 кәсіпорын Еуропалық одақ, ҚХР, Швейцария, Түркия, ЕАЭО нарықтарына шығуға байланысты кеңестер алды. Бұған қоса 15 өңірлік экспорттық кеңес өткізіліп, бұл экспорттаушыларға мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы ақпараттандыру мен кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін анықтау бойынша тиімді алаңға айналды», деді QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары.

 

Көп жағдайда сыртқы нарықтарға өз тауарларын ірі және орта бизнес шығарып келеді. Әйтсе де соңғы екі жылда QazTrade экспортқа енді шыға бастаған компанияларға да қаржылай емес қолдау түрлерін көрсетуді қолға алыпты.

«Бізде қолдау көрсетудің нақты үш тетігі бар. Біріншіден, бұл – коучинг. Биыл Халықаралық сауда орталығы Еуропалық одақтың қаржылық көмегі арқылы экспорттық коучинг бағдарламасын қанат қақты жоба ретінде енгізді. Нәтижесінде, бұрын экспортқа шықпаған компаниялардың сыртқы нарыққа шығуға, сол секілді экспорттық стратегияны құруға ұмтылысы бар екенін байқадық.

Биыл қазақстандық қолөнершілерге, тігін саласының қызметкерлеріне, оның ішінде іскер әйелдерге қолдау көрсетілді. Сол секілді арнайы электронды платформаларға шығаруға және оқытуға байланысты көмек те көрсетіледі. Үшінші тетіктің маңызы зор, себебі бұл оқуға түсетін өтініштерге қатысты. Осы орайда барлық қызмет шағын және орта бизнес өкілдеріне тегін көрсетілетінін айта кетейік. Әр экспорттаушыға арнайы курстар дайындалады. Бұл «ақылды экспорт» тәжірибесі деп аталады», деді QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров.

Экспортты қаржылай емес қолдаудың бір түрі – сервистік көмек. Осыған сәйкес отандық өндірушілер мен қызмет көрсетушілер халықаралық көрмелерге және шетелдегі арнайы сауда миссияларына қатысуға мүмкіндік алады. Десе де сауда миссиясына экспорттық әлеуеті жоғары отандық өндірушілер іріктелетінін айта кеткен жөн. Компаниялардың бағытына байланысты шетелдік сатып алушыларды іздеу және B&B форматында кездесулер жүргізіледі.

Сауда саясатын дамыту орталығының өкілдері айтқандай, коронавирус пандемиясына байланысты былтыр 600-дей экспортқа бағдарланған кәсіпорын «алғашқы көмекпен» қамтылды.

«Бұл қатарда өңделген өнімдерді шығаратын экспорттаушыларымыз бар. Оның ішінде 450 кәсіпорын белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Олардың сауда байланыстары жолға қойылып, соңғы 3-4 жыл ішінде өнімді белсенді түрде жеткізіп жүр. Осы кәсіпорындармен қатар көрсетілген шаралар арқылы, әсіресе, былтыр COVID-19 кезеңінде жедел қолдауды қажет ететін 600 кәсіпорын анықталып, оларға «алғашқы көмек» көрсетілді. Бұл арқылы көпшілігі жаңа нарықтарды игере бастады», деді Ә.Егембердиева.

 

QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары Гүлмира Ахметтаеваның сөзіне сенсек, биыл Ведомство аралық комиссияның 19 отырысы өтіп, 132 кәсіпорыннан 4,7 млрд теңге сомасына 248 өтінім мақұлданды. Негізінен, бұл тауарларды шетелдік нарықтарға тасымалдаудағы көлік шығыстарына байланысты.

 

 

 

 Мәтіндегі ақпарат туралы