Елордада жаңа көпірдің құрылысы басталды. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында хабарлады. "Тәуелсіздік даңғылындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталды.
Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Әзірет Сұлтан мешітінің ауданы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Байтұрсынов көшесі, Қордай көшесі, Айнакөл көшесі, Момышұлы даңғылының сол жағалауымен қосымша байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Тәуелсіздік даңғылындағы көпір пайдалануға берілгеннен кейін Мәңгілік ел даңғылындағы жүктеменің 20%-ға дейін төмендеуін болжап отырмыз. Жоспар бойынша аталған көпірдің құрылысы 2023 жылы аяқталады", - деді Алтай Көлгінов.
Нұр-Сұлтан басшысының сөзінше, Ұлы дала даңғылында да көпір салынуда. Оң және сол жағалауды жалғайтын көпір Мәңгілік Ел даңғылының, Нәжімеденов, Байтұрсынов, Қошқарбаев көшелерінің, Nova city ауданының, "Мыңжылдық" аллеясының жүктемесін азайтады.
Сонымен бірге, жаңа "Нұрлы жол" вокзалының, Тельман елді мекенінің, Метро гипермаркеті ауданының, Промышленный елді мекенінің, Жұмабаев даңғылының, Жүргенов көшесінің және т.б. қолжетімділігін арттырмақ.
"Мемлекет басшысы елордада көпірлер мен көлік жолайрықтарын салудың маңыздылығын атап өтті. Биыл және былтыр 300-ге жуық көше салынып, жөнделді. Олардың жартысынан көбі елді мекендерде орналасқан.
Сонымен қатар, жаңа бағыттар, автобус желілері іске қосылды, автобус паркін жаңартып жатырмыз. Мұның бәрі қала тұрғындарына қала ішінде ыңғайлы қатынауға, жол уақытын қысқартуға және қаланы мобильді етуге мүмкіндік береді", - деді Алтай Көлгінов.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через