Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды түрде көрсетіледі

Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды түрде көрсетіледі
фото: sputnik.kz

Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды түрде көрсетіледі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы елдер басшыларының бірінші саммитінде айтты, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы цифрлық технология және жасанды интеллект саласындағы ықпалдастық кең мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.

"Жасанды интеллектінің дәйекті дамуы өндірісті, еңбек нарығын және қызмет көрсету саласын трансформациялау үшін бізге аса маңызды міндет жүктеп отыр. Еліміздегі мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды түрде көрсетіледі, ал қолма-қол ақшасыз транзакциялардың үлесі 80 пайыздан асты", – деді Тоқаев.

Тек өткен жылдың өзінде IT саласындағы экспорт көлемі бес есе артқан.

"Біз бұл көрсеткішті 2026 жылға қарай бір миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз", – деп толықтырды мемлекет басшысы.

ҚазАқпарат