Ертең ҰҚШҰ әскерлері елден шығарыла бастайды

Ертең ҰҚШҰ әскерлері елден шығарыла бастайды
фото: https://sputnik.kz

Ертең ҰҚШҰ әскерлері елден шығарыла бастайды

Президент ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің Қазақстанға келгені елдегі жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарғанын атап өтті.

13 қаңтардан бастап ҰҚШҰ әскерлері Қазақстаннан біртіндеп шығарыла бастайды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда жедел штабтың отырысында мәлімдеді.

Президент алда ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентінің бөлімшелерін қайтару жұмыстары жүргізілетінін айтты.

"Ертең ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентін елден шығару жұмыстары басталады. Мен тиісті мемлекеттердің басшыларымен сөйлестім. Осы сәтті пайдаланып, осы бірнеше күнде жүргізген ауқымды жұмыстары үшін   контингенттің басшылығына алғыс айтамын", - деді Тоқаев.

Ол ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің Қазақстанға, соның ішінде Алматыға келгені елдегі жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарғанын атап өтті.

"Бұл әрекеттердің лаңкестер мен содырлардың агрессиясын қайтаруда үлкен психологиялық маңызы болғаны сөзсіз. Миссия өте сәтті өтті. Менің әріптестеріме Ұйымға мүше елдердің басшыларына үлкен алғыс білдіремін", - деп жалғастырды сөзін президент.

Жедел штабы отырысының қорытындысы бойынша Тоқаев Үкіметтік комиссия мен жергілікті әкімдіктерге бірлесіп қысқа мерзім ішінде барлық аймақтағы нысандарды қалпына келтіруге, үздіксіз транспорт жұмысын қамтамасыз етуге, азық-түлікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарының жұмысын жандандыруға күш салуды тапсырды.

 

Мәтіндегі ақпарат туралы