Елімізде лотерея терминалдарының жұмысы тоқтатылды

Елімізде лотерея терминалдарының жұмысы тоқтатылды
фото: pixabay.com

Республика бойынша электрон лотереяны сату терминалдарының жұмысы тоқтатылды. 

Азаматтар мен мемлекеттік органдардан келіп түскен өтініштерге байланысты  Туризм және спорт министрлігі 2023 жылы екі мәрте - мамыр және қараша айларында лотерея операторы - "Сәтті Жұлдыз" АҚ-ға лотерея клубтарының жұмысын және электрон лездік лотереяны ұйымдастыруды жетілдіру бойынша ұсынымдар жолдады.

Министрліктің 2024 жылғы 20 қаңтардағы соңғы ұсынымдарына сәйкес 2024 жылғы 30 қаңтардан бастап республика аумағында "Lotomatic" терминалдары/киоскілері арқылы электрон лездік лотереяны тарату уақытша тоқтатылды. Алайда кейбір жерлерде "Lotomatic" "сары-көк" ресми терминалдарына ұқсас безендірілген жалған аппараттар заңсыз жұмыс істеуі мүмкін.

"Осыған байланысты азаматтарды қырағы болуды және заңсыз лотерея терминалдарының қызметтерін пайдаланбауды, сондай-ақ, заңсыз жұмыс істеп тұрған "Lotomatic" киоскілері немесе лотерея терминалдарын байқасаңыз Министрліктің Telegram және WhatsApp (+7 707 9071507) чат-ботына хабарлауды сұраймыз. Әрбір өтініш лотерея операторы мен құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып мұқият қаралатын болады. Құқықбұзушылар жауапкершілікке тартылады", - делінген хабарламада.

Министрлік мемлекеттік органдар қоғам өкілдерінің көмегімен электрон лездік лотереялардың заңсыз қызметін тоқтатып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғай алатынына сенімді.

Материал kaz.tengrinews.kz сайтынан алынды.