Польша президенті Анджей Дуда Беларусьпен шекара аймағына төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды.
Төтенше жағдай шекара түбіндегі Подляск воеводасының 115 елдімекені мен Люблинск воеводасының 68 елдімекенін қамтиды. Осы аймақта жаппай бұқаралық шара, ойын-сауық шектеліп, полиция кезекшілігі, құжат тексерісі күшейеді.
Төтенше жағдай енгізілген елдімекендерде тұрмайтын адамдар бұл аймаққа кіре алмайды. Бұл тыйымның журналистерге де қатысы бар. Төтенше жағдай талабын орындамағандар жазаланады. Қару-жарақ пен оқ-дәрі ұстау ережелері де күшейеді.
Президент қол қойған сәттен бастап төтенше жағдай режимі күшіне енеді. Алайда оны Польша сеймі қарап, қайтара алады. Бұл мәселе бойынша сейм отырысы 6 қыркүйекте өтеді.
Бұған дейін Польша үкіметі Беларусь жерінен Еуроодаққа өткісі келетін мигранттардың күрт көбеюіне байланысты президент Анджей Дудаға төтенше жағдай жариялауды ұсынған.
Негізінен Ирактан және Таяу Шығыстың өзге де елдерінен Беларусь арқылы келетін мигранттар 2021 жылы айрықша көбейген. Латвия, Литва және Польша шекарашылары бұған Беларусь билігінің қатысы бар деп кінәлайды. Өйткені мемлекеттік туристік компаниялар босқындарды ақылы түрде Минскіге әкеледі, содан соң шекараға жеткізіп тастайды.
Польша билігінің мәліметінше, тек тамыз айында ғана Польшаға қарай үш мыңға жуық адам өткісі келген.
Төтенше жағдайды енгізуге қарсылар бұл шара мигранттарға қол созып жүрген бейкоммерциялық ұйымдар мен шекарадан ақпарат тарататын журналистерге кедергіні одан әрі күшейтуге мүмкіндік береді деп санайды.
Ақпарат көзі Azattyq.kz алынды
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через