фото: https://sputnik.kz
Баспананы жалға алу ақысының жартысын төлеу 1 мамырда енгізіледі
Қолдау шаралары 70 мыңға жуық кезекте тұрған адамның баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Нарықтан жалға алынған баспана ақысының жартысын төлеу тетігі 1 мамырда іске қосылады, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Министрліктің хабарлауынша, баспананы жалдау ақысы аударылатын шот мемлекет тарапынан қорғалатын болады. Жалдаушылардың шоттары үшінші тұлғалардың өндіріп алуларынан, тыйым салуларынан және өзге де шектеулерден қорғалады.
"Табысы төмен, үй кезегінде тұрған жандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін жедел шешу мақсатында министрлік пәтерлерді жеке тұрғын үй қорынан жалдау ақысын субсидиялау тетігін пысықтауда. Сол арқылы көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табысы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 теңге) төмен отбасылар үймен қамтамасыз етіледі",-деді мәжілісте индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев
Вице-министрдің айтуынша, бұл қолдау шаралары қысқа мерзімде 70 мыңға жуық кезекте тұрған адамның баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
"Бүгінгі таңда төлемдерді тағайындау ережелері бекітілді. Бұл тетік ағымдағы жылдың 1 мамырынан іске қосылады", - деді Е. Дауылбаев.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через