GSB UIB Бизнесті талдау орталығының сарапшысы, белгілі экономист Мақсат Халық Standard.kz порталының тілшісіне теңгенің неліктен нығайып жатқанына қатысты жеке пікірін білдірді.
- Неліктен теге нығайып, доллар құнсызданып жатқанын түсіндіріп бере аласыз ба|?
- Төл ақшамыздың нығайып жатқанының негізгі факторы ретінде Ұлттық қордан ақшаның артығымен аударылып жатқанын айтар едім. Ұлттық қордан бөлінетін қаражат көлемін арттыру керек деген мәлімдеме жарияланған сәттен-ақ теңгенің құны өсе бастады. Әр ай сайын, шамамен 1 млрд АҚШ долларына жуық ақша ұлттық қордан аударылып жатыр. Бұл процесс қор нарығы арқылы өтеді. Осы қаражатқа теңге сатып алынады. Түптеп келгенде мұның бәрі, біріншіден, ішкі нарықта АҚШ долларына деген тапшылықты жояды. Екіншіден, теңгенің бағасын арттырады. Осы екі дәлелді ең негізгі фактор ретінде атар едім.
Ұлттық банк сәуір айында интервенция жасап отырған жоқпыз деп мәлімдеді. Ал наурыз айында бұл мақсатқа 1 млрд доллар жұмсалды және ұлттық қордан 800 млн-ға жуық АҚШ доллары бөлінді. Нәтижесінде теңгемізді тұрақтандыру үшін бір айда барлығы 1 млрд 700 млн АҚШ долларынан астам қаржы айналымға жіберілді. Валюталық интервенцияға Ұлтық банктің алтын қоры резервінен ақша жұмсалмаса да Ұлттық қордан ақша аударылып жатыр. Мұның бәрі теңге құнының өсуіне ықпал еткені сөзсіз.
Валюталық интервенция деп ұлттық валюталық бағамына әсер ету мақсатында Ұлттық Банктің шетел валютасын сату және сатып алу жолымен валюталық нарықтағы операцияларға араласуын айтады. Ұлттық Банктің валюталық нарықтағы интервенциясы дербес түрде кез келген банктер және валюталық биржалар арқылы кез келген валюталық мәмілелер түрлерін пайдалану негізінде жүзеге асырылады. Алтын-валюта резервінің құнсыздану қаупі туындағанда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ішкі валюта нарығында сатып алушы ретінде қатысып, алтын-валюта резервінің ұлғаюына септігін тигізді.
- Теңгелік депозит бойынша базалық мөлшерлеменің ұлғаюы да ұлттық валютамызды нығайтады. Бұл халық тарапынан теңгемізге деген сұранысты белгілі бір мөлшерде арттырады. Соңғы айда Ресейде мұнай сатудан түскен ақша жиналғандықтан рубль құны да өсіп жатыр. Бұрын сырттан келетін мұндай қаржыға ел үкіметі автоөндірісі, ғарыш саласына қажетті техниканы, басқа да бөлшектерді сатып алатын. Ал қазір шетелдік кәсіпорындар Ресейге өз тауарларын жөнелтіп жатқан жоқ. Соның салдарынан халықаралық валюта қордаланып жатыр. Бұл көрініс рубльдің уақытша болса да нығаюына септесуде. Рубльге ілесіп теңгемізді нығайып жатыр.
- Мұнай бағасы 2008 жылдан бергі ең жоғары деңгейге көтерілді. Бұл факторды да ескерген жөн бе?
- Әрине. Мұнай бағасы Ресей мұнай мен газына қатысты ықтимал эмбаргоны талқылап жатқаны айтылғаннан кейін соңғы 14 жылдан бергі ең жоғары деңгейге көтерілді. Қазір бір баррель мұнайдың құны 100 доллардан асты. КТК мұнай құбырына қатысты мәселенің оң шешім табатыны, алдағы айда мұнай экспорты көлемінің артатыны туралы ақпарат тарасымен теңге де кұшейді. Алайда төл ақшамыздың нығаюын уақытша нәрсе деп ойлаймын. Неге? Себебі, рубль ұзақ уақыт бойы табандылық таныта алмайды. Ресейге бәрібір сыртқы қарыздарын қайтаруға тура келеді. Бірақ олар доллармен алған қарызын рубльмен есептесуге бекініп отыр. Әлемдік қауымдастық бұған жол бере қоймас. Тіпті, дефолт жариялауы мүмкін. Сондықтан Ресейге салынған санкциялардың салдарын жазға қарай көреміз. Әлемде АҚШ долларының индекстері жоғарылап барады. Жыл басынан бері оның құны 8 процентке өсті. Бұл кейінгі 40 жылдағы рекордты деңгей. Алайда федералды қор жүйесінің базалық ставканы көтеруі өзге мемлекеттердің экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Осы жаңалықтан кейін-ақ кей елдердің валютасы әлсірей бастады. Бір қызығы рубль міз бақпай тұр. Теңгеміз де әзірге тұрақтылығын сақтап тұр.
- Әңгімеңізге рахмет.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через