фото: https://tirshilik-tynysy.kz/
Әлем бойынша автонарық әлсіреп тұр
Көлік шығару процесі күллі әлемде тұралап тұр. Екі жыл үздіксіз соққан (кей елдерде әлі күнге жалғасып жатыр) пандемия дауылы көп шаруаны шайқалтып кетті. Соның бірі – автоөндіріс саласы. Жеткізу тізбектерінің бұзылғаны ештеңе емес, өндірістің тіке өзі тұралап, нәтижесінде су жаңа автокөліктер саны айтарлықтай азайды. Сарапшылар жақын уақытта сектордан позитивті жаңалық күтпейміз деп кесіп айтып отыр.
Finprom-ның жазуынша, тап қазір бүкіләлемдік автомобиль нарығы пессимистік кезең қиындығын бастан кешіп жатыр. Барлық елде жеңіл автокөлік сатылымының баяғыдай еместігі аңғарылады. Еуропалық автоөндірушілер қауымдастығының дерегі бойынша, кәрі құрлықта жеңіл автокөлік сатылымы сәуір қорытындысы бойынша 20,2 пайызға төмендеген. Егер 2021 жылдағы сәуірдің қорытындысы бойынша 1 миллионнан астам темір тұлпар сатылса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 830 мыңнан әрең асқан. Еуропалық Одақ елдеріндегі сатылым да 20,6 пайызға қысқарыпты. Егер 2020 жылдың «коронадағдарысын» есепке алмайтын болсақ, онда биылғы сәуір ең әлсіз көрсеткіш көрсеткен кезең саналады. «Еуропа елдері ішінде сатылым көлемінің біршама төмендеуі Литвада (-34,9 пайыз), Италияда (-33 пайыз), Швейцарияда (-29,1 пайыз), Данияда (-29 пайыз), Финляндияда (-25,8 пайыз) және Австрияда (-26,6 пайыз) байқалады.
Еуропалық автоөндірушілер қауымдастығының дерегі бойынша теріс динамика жартылай өткізгіштердің (чиптердің) тапшылығынан туындап отырған жаңа автокөліктерді жеткізудегі үзілістерге байланысты. Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты жаңа геосаяси дағдарыс туындатқан логистикалық проблемалар да түйткілдерді тереңдетіп жатыр. COVID-19 жаңа штамының Қытайда қайтадан тарала бастауы да ахуалға кері әсерін тигізуде» деп жазады Finprom.
Автомобиль компаниялары бөлінісіне мән берсек, әсіресе Stellantis (бір жылда минус 28 пайыз) компаниясында сатылым көлемі басқалардан да тым-тым аз болған. Одан бөлек Volkswagen Group (28 пайыз), Jaguar Land Rover Group (27,7 пайыз), Mazda (27,4 пайыз), Volvo (23 пайыз) және Mercedes-Benz (22,6 пайыз) компанияларында да көлік сатылымы азайған. 2022 жылдың 18 мамырындағы Foley Automotive есебі бойынша, жартылай өткізгіштер тапшылығынан өткен аптада Stellantis пен Ford Иллинойс, Кентукки және Онтариодағы зауыт жұмысын уақытша тоқтатқан. Өткен аптада Stellanti деталь жетіспеушілігіне байланысты минивэн өндірісін де уақытша тоқтатқа. Дағдарыс қиындығынан жұмысы шатқаяқтап қалған моделдер қатарында –Jeep Cherokee, Ford Escape, Ford Edge, Lincoln Corsair және Lincoln Nautilus бар. «Өз кезегінде Toyota Қытайдағы COVID-19 шектеулеріне байланысты мамыр айында 12 зауытындағы өндірісті 6 күн мерзімге дейін қысқартпақ. Сондай-ақ жаһандық өндіріс жоспары 50 мың автокөлікке азайтылған. Компания басшылығының айтуынша, жартылай өткізгіштердің тапшылығы және шикізатқа жұмсалып жатқан елеулі шығын келер жылы компания табысын 20 пайызға дейін төмендетуі ықтимал». АҚШ-та жаңа автомобильдердің сатылымы соңғы бір жылда 56,3 пайызға қысқарған. Бұл көрсеткіш Қытайда – 43,4, Жапонияда – 14,4, Оңтүстік Кореяда – 11,8, Канадада – 8,4, Мексикада – 1 пайыз. Осыдан-ақ автоөндіріс дағдарысының бүкіл әлемді қамтып отырғанын анық байқаймыз. «Жартылай өткізгіштердің тапшылығы 2020 жылы пандемияға байланысты автозауыттардың өздері де, автомобильдерге арналған бөлшектерді, соның ішінде жартылай өткізгіштерді шығаратын зауыттар да жабылған кезде басталды. Пандемияның басында автомобильдерге сұраныс (және, ең алдымен, сатып алудың физикалық мүмкіндігі) күрт төмендеді, содан кейін чиптерге тапсырыстардың көлемі төмендеді. Дегенмен, автоөндіріс қайта басталғаннан кейін чип зауыттарына чиптердің белгілі бір түрлерін өндіруді қалпына келтіруге алты ай немесе одан да көп уақыт қажет болды, бұл автомобиль өндірушілерді жеткізу тізбегінде елеулі кідірістерге ұшыратты. Пандемияға байланысты шекаралардың жабылуы логистика мен чиптерді тасымалдауға да кері әсер етті.
Шындап келгенде чип тапшылығына пандемиядан өзге де себептер баршылық. Әлемдегі чиптердің 12 пайызға жуығы АҚШ-та өндіріледі, басым бөлігі Техастан келеді. Алайда 2021 жылдың ақпанында бұл штатта аса қатты дауылдардың бірі тұрып, өңірде электр энергиясы ажырап қалды. Микрочип өндіретін зауыттар бұдан сақтандырылмаған, нәтижесінде солардың біразы орасан шығынға ұшырап, біразы жабылуға мәжбүр болды. Аса қуатты өндірушілердің бірі Infineon компаниясының есептеуінше қалыпты жұмыс режиміне қайта оралу үшін көп ай кетеді екен. Сонымен қатар былтыр наурызда Жапонияның Renesas зауытында өрт болды. Апат салдарынан фирманың 17 бірлік аппараты бүлінген. Бұл қиындық та зауыт жұмысының бірнеше айға дейін кідіріп қалуына әсер етті. Мұндай жағдайлар болып жатқан кезде әлемдік автонарықтың қашан қалыпты жұмыс ағымына оралатынын тап басып айту қиынға соғады» дейді сарапшылар.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через