7 мамыр – Отан қорғаушы күні

7 мамыр – Отан қорғаушы күні

Бүгін қазақстандықтар Отан қорғаушылар күні мейрамын атап өтеді.

1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президентінің Қарулы күштерді құру туралы №745 Жарлығы жарияланды. Жарлықта отандық қарулы күшті қалыптастырып, ол үшін тиісті жағдай жасау керектігі айтылған.

Бұл – ел тыныштығын қорғап, бейбітшілікті қамтамасыз ететін әскери қызметшілерді құттықтап, құрмет көрсететін күн.

Айта кетейік, Қазақстан қарулы күштер қатарында ер азаматтармен қатар, нәзік жандар да теңдей қызмет атқарып келеді. Олардың көпшілігі офицер атағына ие. Сондықтан, Отан қорғаушылар күні – қыз-келіншектердің де мерекесі.

Қазақстан әскері үш түрлі құрылымнан тұрады. Атап айтқанда, құрлық әскерлері, әуе қорғанысы әскерлері және әскери-теңіз күштері. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Жоғарғы бас қолбасшысы, Президенттің тікелей бағынысында арнайы дайындалған аэроұтқыр әскерлері бар. Олардың мақсаты – төтенше жағдайда ерекше құпия операцияларды жүргізу.

Қазақстандық әскери қызметшілерге қатысты бірер күн бұрын белгілі болған жағымды жаңалық, келер жылдан бастап әскери атақ үшін төленетін жалақы 30 пайыз өседі. 

«Биыл әскери ұшқыштардың жалақысы орташа алғанда 60 пайызға өседі. Осы саладағы оқытушылар мен дәрігерлердің жалақысы да көбейеді. Келесі жылы әскери атақ үшін төленетін айлықақы 30 пайызға артады. Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамту мәселесі де қайта қаралып жатыр. Сержанттарды, офицерлерді әлеуметтік қолдау жұмысы жалғасады. Олар тұрмысына алаңдамай, ел қорғауға сақадай сай болуы керек», - деді Президент 5 мамырда елордада өткен бүкілармиялық кеңес отырысында.

Қорғаныс министрлігі бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында биыл 7 мамыр Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр Жеңіс күніне орай әскери шерудің өтпейтінін хабарлады.

Дереккөз ҚазАқпарат. Фото ult.kz