5 маусымда республикалық референдум өткізіледі

5 маусымда республикалық референдум өткізіледі

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін 5 маусымда республикалық референдум өткізіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлыққа қол қойды. Конституциялық реформа барлық мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге бағытталған. Түзетулер «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен ықпалды Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға түбегейлі көшуді көздейді. Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді.

Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады.

«Алдағы референдум Қазақстанның болашағын айқындайды. Әрбір азаматымыз дауыс беріп, осы тарихи бетбұрысты жасауға өз үлесін қоса алады. Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын айтарлықтай күшейтеді. Үйлесімді және теңгерімді жүйені нығайтады. Мәслихаттардың ықпалын арттырады», деді Президент.

Конституцияның жаңарған нұсқасында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту көзделген. Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр. Алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді.

 

Фото: assembly.kz