30 тамыз – Конституция күні

30 тамыз – Конституция күні
фото: zharar.com

Қазақстан Республикасының Конституция күні жыл сайын 30 тамызда тойланады..

Бұл мерекенің тарихи маңызы зор әрі еліміздің еркіндігі мен тәуелсіздігінің, тұрақтылықтың символы.

28 жыл бұрын – 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда Қазақстанның Конституциясы қабылданды. Еліміздің басты құжатында Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде көрсетілген, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып саналады.

Негізгі құжатқа өзгерістер мен толықтырулар бірнеше рет енгізілді. Олар демократиялық қағидаттарды нығайтуға және дамытуға, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау тетігін күшейтуге бағытталды. Ал 2022 жылы өзгерістер Конституция алғаш рет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткізілген бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Бұл жаңашылдықтар елдегі ауқымды саяси өзгерістердің жалғасы болып, Қазақстанның алдағы жылдарға даму бағыттарын айқындады.

Референдумда халықтың қолдауына ие болған конституциялық реформаны жаңа саяси дәуірдің бастауы деуге болады. Бұл өзгерістер еліміздің саяси жүйесін эволюциялық жолмен дамытуға жол ашты. Әділдік, ашықтық және шынайы бәсеке реформалардың негізгі арқауына айналды, -деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Атап айтқанда, Конституцияға мынадай өзгерістер енгізілді: суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік республикаға көшу, бір реттік 7 жылдық президенттік мерзім енгізу, Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ, жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі, қазақстандықтар Конституциялық сотқа өз бетінше жүгіне алады.

Бұл күні еліміздің барлық қалаларында мерекеге арналған түрлі іс-шаралар өтеді.

Baq.kz