Шығыс Қазақстанда кәсіпкер кенді заңсыз қазып, Қытайға өткізген

Шығыс Қазақстанда кәсіпкер кенді заңсыз қазып, Қытайға өткізген
фото: https://pixabay.com/

Заңсыз өндірілген өнімнің жалпы көлемі 70 мың тоннадан асқан

Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында орналасқан "Глинковское" кен орнында кәсіпкер кенді заңсыз қазған, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.

Компанияның лицензиясы тек геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ғана құқық берген. Алайда пайдалы қазбаларды өнеркәсіптік көлемде өндіруге рұқсат болмаған.

"Соған қарамастан, іс жүзінде темір құрамды тау жынысын өндіру, оны қайта өңдеу, жинақтау және ішкі нарықта, сондай-ақ Қытай Халық Республикасына өткізу жұмыстары жүргізілген. Ауыр арнайы техниканы қолдану қоршаған ортаға теріс әсер етіп, жер бедерінің табиғи қалпының бұзылуына және жердің тозуына әкеп соққан", - дейді агенттік.

Заңсыз өндірілген өнімнің жалпы көлемі 70 мың тоннадан асқан. Алынған қылмыстық табыс сомасы 1 млрд теңгеден асқан.

Бұл қаражатқа күдіктілер жылжымалы және жылжымайтын мүлік: бизнес-орталық, Алматы қаласындағы пәтер, "LAND ROVER RANGE ROVER" маркалы автокөлік, 2 автотұрақ орны және 2 жер телім сатып алған. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.

Дерек көзі: https://sputnik.kz