Дәріханаларда вирусқа қарсы дәрі тапшы

Дәріханаларда вирусқа қарсы дәрі тапшы
фото: pixabay.com

Елорда тұрғындары дәріханаларда көптеген препараттың жоғалып кеткеніне дабыл қағуда. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұған Астананы жайлаған "Гонконг тұмауы" және басқа жіті респираторлық вирустық инфекциялардың кең тарала бастауы да ықпал етіп отыр. Бас қалада жағдай осындай болғанда, ауыл-аймақтың ахуалын бағамдай беруге болады.

Денсаулық сақтау министрлігі астаналық барлық дәріханада әсіресе вирусқа қарсы "Флувир" препаратының дефициті қалыптасқанын мойындады. Дегенмен, ведомство жергілікті жұртшылықтың өзге де дәрі-дәрмектердің жетіспей жатқаны туралы шағымымен келіспеді.  

ДСМ сендіруінше, вирусқа қарсы және қабынуды басатын қалған медикамент позициялары жеткілікті көлемде бар көрінеді. Өз кезегінде сала шенеуніктерінің бұл мәлімдемесін қала дәріханаларының провизорлары жоққа шығарды: олар тұмауратқан адамды емдейтін басты препараттардың таусылып қалып жатқанын жасырмады.

pixabay.com

Денсаумин "Флувир", "Осевир" мен "Флукаптың" тапшылығы осы аптада жойылатынын хабарлады: оларды шетелден жеткізуші дистрибьюторлармен шұғыл келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Ведомствоның дерегінше, елордаға "Осевирдің" (капсула, 75 мг, №10), "Флукаптың" (суспензия дайындауға арналған ұнтақ), "Флувирдің" (капсула, 30 мг және 75 мг) қосымша партиялары жеткізіледі деп күтілуде.

Жалпы, Finprom мониторинг агенттігі Қазақстанда денсаулық сақтау саласының мемлекеттік бюджеттен шығыстары жыл өткен сайын азайып келе жатқанына назар аудартты. Егер 2023 және 2024 жылдары – 2,5 триллион теңгеден бағытталса, биыл жыл басынан бері небары 1,3 триллион теңге ғана бөлініпті.

Қазынадан арындаған ақша тасқыны қатты сұйылғандықтан саланың қатаң үнемдеуге көшкені байқалады. Осының алдында Денсаулық сақтау министрлігі диабет, балалардың сал ауруы (ДЦП) сияқты бірнеше ауыр дертті келер жылдан бастап әлеуметтік маңызды аурулар тізімінен алып тастауға шешім қабылдаған еді.

Оның бәрі тегін дәріден қағылғалы тұр. Әрине, ДСМ ақпарат құралдары мен сарапшылар кең талдап, талқыға салған бұл деректі жоққа шығаруға тырысты.

"Бұл күндері әлеуметтік желіде қант диабеті, церебральды сал ауруы және басқа созылмалы аурулары бар пациенттер медициналық көмек пен дәрі-дәрмектерге қол жеткізуде шектеуге тап болады деген ақпарат таратылуда. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. 2026 жылғы 1 қаңтардан қант диабеті, балалардың церебральды сал ауруы, дәнекер тіннің жүйелік зақымдануы, ревматизм міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетіне ауыстырылады. Медкөмектің көлемі қысқармайды, тек қаржыландыру көзі өзгереді", – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.

Сарапшылар аталған ауыр дертке шалдығып, кемтар, жарымжан жағдайға жеткен адамдардың жұмыс істеуге қауқарсыздығын, алайда көбінің мүгедектік мәртебесі жоқтығын, сондай-ақ Қазақстанда жұмыссыз ретінде тек қысқа мерзімге ғана тіркейтінін ескертеді.

Салдарынан оның басым көпшілігі – медициналық сақтандырылмаған. Осылайша, қазіргі медкөмек кепілдендірілген тегін топтамадан МӘМС-ке көшірілген соң келесі жылы оның бәрі көмектен қағылады. 

Қазақстандық пациенттер дәріні өз қаржысына алуға дайын, алайда елде былтырдан бері дәрі-дәрмек тапшылығы туындады, дәріханаларға түскені күн сайын дерлік қымбаттау үстінде. Осыған байланысты таяуда Үкіметтің кезекті отырысын Премьер-министр Олжас Бектенов кезекті рет нарықты медикаменттермен жете қамтуға және оның бағасын құрықтауға арнауға мәжбүр болды. Үкімет жетекшісі бөлшек саудадағы дәрі-дәрмек пен медбұйымдар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге шара қабылдауды тапсырды.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың мәліметі бойынша 2025 жылдың 10 айында 219,7 млрд теңгеге 3 миллионнан астам пациент тегін дәрі-дәрмек алыпты. Бір қарағанда – үлкен сома. Бірақ 3 миллион сырқатқа шаққанда біреуіне небары 73 мың теңгеден ғана келеді.

Медициналық ұйымдарды үздіксіз жабдықтау үшін Бірыңғай дистрибьютор 21 млрд теңге сомасына төмендетілмейтін дәрі-дәрмек қорын құрды. Әйткенмен, бұл қор медициналық ұйымдардың небары 2-3 айлық қажеттілігін өтеуге ғана мүмкіндік береді. Соның өзінде тек онкология, қант диабеті, қан ұюының бұзылуы, ағзаларды, тіндерді трансплантаттау сияқты аурулардың негізгі топтарын ғана қамтиды.

Материал inbusiness.kz сайтынан алынды.