фото: pixabay.com
2025 жылғы 1 қазаннан бастап Қытай ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) саласындағы шетелдік мамандар үшін жеңілдетілген визалық режим енгізді. Бұл елдің ашықтық пен инновация бағытына берік екендігін көрсетеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
К-виза — қалыпты визалар санатына жататын, бірақ талаптары жеңілдетілген және шарттары анағұрлым икемді жаңа түрі. Ол жас шетелдік мамандарға арналған және Қытайда жұмыс беруші немесе шақыру хатының болуын міндеттемейді.
К-виза иелері ғылыми, білім беру және мәдени алмасуларға қатысып, кәсіпкерлік және іскерлік қызметпен айналыса алады. Қытай Сыртқы істер министрлігінің түсіндіруінше, бұл бастама Қытай мен шетелдің жас ғылыми-техникалық мамандары арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды күшейтуге бағытталған.
Фото: China Daily
К-виза кімдерге арналған
Қытай билігінің түсіндіруінше, бұл жаңа санат — Қытайда немесе шетелдегі беделді университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарында білім алған немесе жұмыс істейтін мамандарға арналған. Үміткерлердің кемінде бакалавр дәрежесі және ғылым, технология немесе білім саласында жұмыс тәжірибесі болуы тиіс.
Қолданыстағы 12 визалық санаттан айырмашылығы, К-виза көп мәрте кіруге, ұзақ мерзімге және елде ұзақ болуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл зерттеушілер мен кәсіпкерлер үшін ыңғайлы, өйткені олар қысқа мерзімді жобалармен айналысып, еркін жүріп-тұруды қалайды.
Халықаралық БАҚ не дейді
The Straits Times (Сингапур) басылымы К-визаның енгізілуі АҚШ-пен геосаяси бәсекелестікте Қытайдың ұстанымын күшейтуі мүмкін деп жазады. АҚШ визалық саясатын қатаңдатқан сайын, көптеген маман басқа бағыттарды іздей бастады. Жаңа виза Қытайдың технологиялық держава болуға және инновациялық дамуды жеделдетуге деген ұмтылысын да көрсетеді.
Фото: Mediabites.com.pk.
The Independent (Ұлыбритания) К-визаны Қытайдың соңғы он жылдағы визалық заңнамасындағы алғашқы ірі өзгеріс деп атап өтті. Газеттің пайымынша, бұл елдің өзін-өзі тануындағы жаңа кезеңнің белгісі. Қытай енді тек өз мамандарын сақтап қалуға емес, әлемнің үздік кадрлары үшін де тартымды орталыққа айналуға ниетті.
The New York Times (АҚШ) жазуынша, Қытайдың технологиялық компаниялары мен университеттері дәстүрлі түрде жергілікті кадрларды жұмысқа алатын. Бұл елдің STEM саласына ерекше көңіл бөлуімен байланысты. Дегенмен, жартылай өткізгіштер мен биотехнология сияқты салаларда Қытай әлі де АҚШ-тан артта қалып келеді, сондықтан шетелдік мамандарды тарту қажеттілігі артып отыр.
Reuters агенттігі К-визаға өтініш беру ережелері әлі жарияланбағанын атап өтеді. Белгілісі — жас, білім және тәжірибеге қойылатын талаптар барынша азайтылған, ал рәсімдеу үдерісі жеңілдетілген. Мұндай тәжірибені Оңтүстік Корея, Германия және Жаңа Зеландия да енгізіп жатыр, ал АҚШ, керісінше, шетелдік мамандарды жалдауға арналған H-1B визалары үшін компаниялардан жылына 100 мың долларға дейін төлем талап етпек.
Пекин мен Вашингтонның айырмашылығы
Қытай мен АҚШ визалық саясатында айқын айырмашылық бар. АҚШ бақылауды күшейтіп, қаржылық кедергілерді өсіріп жатса, Қытай керісінше, талаптарды жеңілдетіп, шетелдік инвесторлар үшін жаңа салаларды ашып, Еуропа елдері, Жапония және Оңтүстік Корея азаматтары үшін визасыз мүмкіндіктерді кеңейтіп жатыр.
Фото: Синьхуа
Мұндай қарама-қайшы саясат уақыт өте келе жаһандық еңбек нарығындағы бәсекенің құрылымын өзгертуі мүмкін. Қытай жас таланттар үшін жаңа тартылыс орталығына айналып келеді, ал АҚШ еңбек нарығында бұрын үстемдік еткен позициясынан айырылып қалуы ықтимал.
Сарапшылар пікірі
Қытайдың Халықаралық экономика және сауда университеті жанындағы Ұлттық қауіпсіздік және басқару институтының зерттеушісі Лян Хуайсинь К-виза Пекиннің жас ғылыми-техникалық мамандарды тартуға деген ниетін айқын көрсетеді дейді. Оның пікірінше, бұл шара Қытайдың жаһандық технологиялық жарыстағы орнын нығайтады, әсіресе жасанды интеллект саласында.

Фото: Pixabay.
Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының сарапшысы Люй Сян визаны беру тетігі әлі толық қалыптаспады деп есептейді. Қай оқу орындары «беделді университеттер» тізіміне кіретіні де әлі анық емес. Оның айтуынша, нақты ережелерді бекітуге бірнеше ай кетуі мүмкін. Осы кезеңде Қытай СІМ мен елшіліктер өтініштерді икемді түрде қарастырады.
Сидней технологиялық университетінің доценті Чжан Юэ К-визаның STEM түлектерін халықаралық ғылымға тартуға және Қытай университеттерінің әлемдік рейтингтердегі орнын күшейтуге ықпал ететініне сенімді.
Алайда барлығы бұл бастаманы бірдей оң бағаламайды. Dragonfly консалтингтік компаниясының Азия бағытының жетекшісі Барбара Келемен жаңа бағдарлама АҚШ пен Қытай арасындағы таланттар қозғалысына елеулі әсер ете қоймайды деп санайды. Оның айтуынша, мәдени айырмашылықтар мен тілдік кедергі әлі де басты тосқауыл болып тұр.
Сарапшылар Қытайда ағылшын тілі әлі кеңінен қолданылмайтынын және бұл шетелдік мамандардың бейімделуін қиындататынын атап өтеді.
Сонымен бірге, К-визаның енгізілуі Қытайдың жасанды интеллект, кванттық есептеу және биофармацевтика сияқты жоғары технологиялық салаларда білікті кадрларға деген өсіп келе жатқан сұранысын айқын көрсетеді. Бұл елдің ашықтық пен технологиялық жаңғыру саясатының бір бөлігі.
АҚШ пен Еуропада иммиграциялық ережелер қатаңдап жатқан кезде, Пекин керісінше — интеллектуалдық алмасуға және ғылыми ынтымақтастыққа басымдық беруде. Осы арқылы Қытай әлемнің түкпір-түкпірінен таланттарды тартатын жаңа орталыққа айналуды көздейді. Алдағы жылдары осындай бастамалар жаһандық «кадрлар жарысындағы» күш тепе-теңдігін айқындап беруі мүмкін.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через