Қазақстан нарығы импортқа тәуелді

Қазақстан нарығы импортқа тәуелді
фото: https://pixabay.com/ru/

Президенттің айтуынша, дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауда азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту қажеттігін баса айтты.

Мемлекет басшысы алдымен ет мәселесіне тоқталды. Бүгінде ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету – басты міндет. Сондай-ақ, осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту керек.

"Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят", - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек.

"Сондықтан аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуі тиіс. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органның ортақ міндеті. Осыны Үкімет басшылығы деңгейінде үйлестіріп отыру керек", - деп атап көрсетті Тоқаев.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы сүт өндірушілерді қолдауға тапсырма берді. Себебі олар Еуразия экономикалық одағына мүше басқа мемлекеттердің кәсіпорындарымен салыстырғанда қажетті мөлшерде мемлекеттік қолдауға ие болмай отыр. Содан тиімсіз жағдайларға тап болып, ішкі нарықтың өзінде бәсекелестеріне есе жіберіп жатыр.

ҚазАқпарат