Президент бүгін Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялайды

Президент бүгін Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялайды
фото: akorda.kz/kaz.inform.kz

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жария етедіғ деп хабарлады kaz.inform.kz.

Бұл - Президенттің 8-ші Жолдауы. Мемлекет басшысы Жолдауларын жыл сайын қыркүйек айында, Парламенттің жаңа сессиясының ашылу рәсімінде жасап келді. Қаңтар оқиғасы болған 2022 жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа 2 Жолдау арнады. Оның біріншісі – наурызда, ал екіншісі қыркүйекте жарияланды.

Осы екі Жолдаудың біріншісі еліміздегі тың саяси реформаларға жол ашты. Нақтырақ айтқанда, Президенттің тым көп өкілеттігін қысқарту, Парламенттің рөлін арттыру, Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту, Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жою, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беру, Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақтау, мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлау, Партияларды тіркеу рәсімін едәуір жеңілдету сынды бастамалар ұсынылып, кейіннен жүзеге асырылды.

Фото: kaz.inform.kz. Мәжіліс
Семей аймағында Абай облысы құрылып, Семей қаласы жаңа облыстың орталығына айналды. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысы құрылып, Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болды. Алматы облысы екіге бөлініп, өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы Қапшағай болса, ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасты.

Бұл Жолдауда жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін мемлекеттік сатып алу тәртібін жеңілдету, бюрократия мен формализмді жою, дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шараларды қабылдау, мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту, саяси жаңғыру стратегиясын ескере отырып, экономика мен мемлекеттік басқару ісіндегі жаңа құрылымдық реформалар топтамасын әзірлеу сынды бастамалар да көтерілді.