Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!
фото: Коллаж: Kazinform/Freepik

Бүгін – Екінші дүниежүзілік соғыста жау әскерін түпкілікті талқандап, жеңіске жеткен күн. Биыл Жеңіске 80 жыл толды, деп хабарлады Kazinform. 

Германия әскері КСРО аумағына шабуыл жасаған 1941 жылдың 22 маусымы ТМД елдерінің ресми тарихында 4 жылға созылған алапат соғыстың басталған күні болып есептеледі.

Жеңісті жақындатуға Қазақстанның қосқан үлесі зор. 

4 жылда қазақ даласынан 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанды. Олардың тең жартысы үйлеріне оралмады.

Ал тылда Қазақстан шешуші рөл атқарды. Атап айтқанда, майданда атылған әр он оқтың тоғызы отандық зауыттарда құйылды. 1500 вагон азық-түлік пен киім-кешек жөнелтілді. Жеңіл өнеркәсіп 2 миллион сарбазды киіммен қамтамасыз етті.

2025 жылғы 5 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыстың 105 ардагері және Жеңіске үлес қосқан басқа санаттағы 40 707 азамат тұрады. 

- Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Баршаңызға Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін өте қиын сынақ болды. Оның зардабы көптеген елге ауыр тиді, солардың ішінде Қазақстан да бар. Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек, - деді Мемлекет басшысы.