АЭС салынатын жер ресми түрде бекітілді

АЭС салынатын жер ресми түрде бекітілді
фото: pixabay.com

Үкімет бірінші атом электр станциясы салынатын жерді ресми түрде бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Үкімет қаулысы 2024 жылы 30 желтоқсан күні қабылданған болатын. Бірақ жарияланған күннен, яғни бүгіннен бастап күшіне енді.

"Атом электр станциясы Алматы облысындағы Жамбыл ауданында салынады", - делінген ресми қаулыда.

Бұған дейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанға кем дегенде үш атом электр станциясын салу қажет болатынын айтқан. Оларды бөлек-бөлек емес, бірден салған жөн. Сонда бірыңғай ядролық кластерді құруға мүмкіндік болады.

Ашық және бәсекеге қабілетті іріктеу аясында Ведомствоаралық комиссия әлемнің жетекші компаниялары ұсынған реакторлық технологияларды жан-жақты зерттеп жатыр. Бұған дейін "шорт-листке" енген компанияларға технологиялық шешімдер, қауіпсіздік жүйелері, қаржыландыру шарттары және экологиялық аспектілер бойынша нақты сұрақтар жолданған болатын.

Қазіргі уақытта әлеуетті жеткізушілер ретінде келесі компаниялар қарастырылуда: CNNC (Қытай, HPR-1000 реакторы), "Росатом" мемлекеттік корпорациясы (Ресей, ВВЭР-1200 реакторы), KHNP (Оңтүстік Корея, APR-1000 және APR-1400 реакторлары), EDF (Франция, EPR1200 реакторы).

Реактор жеткізушілерінің ұсыныстарын жан-жақты және егжей-тегжейлі талдау жұмыстары жалғасады. Қазақстан Республикасының мүддесі мен барлық факторды ескере отырып, түпкілікті шешім қабылданады.

Жалпы бейбіт атом энергиясын пайдалану – бүгінгі глобализация үдерісіндегі әлемнің ең өзекті, сонымен қатар қарама-қайшылығы көп мәселесінің бірі. Ядролық энергияның тиімділігі мен тұрақтылығы біраз елге оны таза энергия көзі ретінде қолдануға мүмкіндік беретіні сөзсіз, деп жазды aikyn.kz. Десе де әлем назарында күні бүгінге дейін үлкен сұрақ болып тұрған бір мәселе бар. Ол – атом энергиясының қаупі мен радиоактив қалдықтарды реттеудің қиындығы. Әлемнен шет қалып, жабық мемлекет болып өмір сүріп жатқан түгіміз жоқ. Әлем ортақ, жер ортақ.