фото: pixabay.com
Бүгін – Республика күні. Тәуелсіздіктің алғашқы бастауы саналатын бұл мереке ондаған жылдан кейін қайта жаңғырып, еліміздің жалғыз ұлттық мерекесі ретінде аталып өтетін болды, деп жазды /kaz.inform.kz.
Декларацияның маңыздылығы неде
1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат – «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның нағыз тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама болды.
«Бастапқыда бұл заң бола ма, басқа құқықтық акт бола ма, әлде декларация бола ма деген сауал туындады. Заң саласының мамандары, жұмыс тобы мүшелері бұл мәселені жан-жақты талқылап, декларация ұғымына тоқталды. Декларация егеменді мемлекет ретінде өзіннің сыртқы саясатын жүргізуге, тең құқылы деңгейде қарым-қатынас орнатуға жол ашатын маңызды құжат ретінде танылды. Декларация өзге халықтармен тереземіз тең ел екендігін білдіретін тарихи құжат», - дейді тарих ғылымдарының докторы Қайрат Әлімғазинов.
Фото: А. Павский/Kazinform
1990 жылдың 25 қазанындағы көрініс көз алдымда, сол күнгі сөздің бәрі құлағымда тұрғандай. Академик Салық Зиманов Егемендік туралы декларация жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде баяндама жасады, талай сағат бойы тікесінен тік тұрып, сан түрлі сұраққа егжей-тегжейлі жауап қайтарды. Ол кезде Жоғарғы Кеңес әлі кәсіби парламент емес еді. Депутаттар саны 350 адам болатын. Сенсеңіз де сол, сенбесеңіз де сол — Мемлекеттік егемендікті жариялаған құжат жобасы дауысқа түскенде 350 адамның 71-і Декларацияға қарсы дауыс берген еді. Соған аң-таң қалғаным есте. Ол құжаттың қандайлық қиындықпен, шын мәнінде елдік үшін ерен айқаспен дүниеге келгеніне осы мысалдың өзі дәлел деп білемін, - дейді мемлекет және қоғам қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов.
Фото: А. Павский/Kazinform
Қазақстанның толық мемлекеттік тәуелсіздігін рәсімдеудің жаршысы болған бұл құжатты дайындау кеңестік империя кеңістігінде белең алған экономикалық және саяси құлдырау жағдайында жүргізілді. Осы ретте бұл құжаттың оңайлықпен қабылданбағанын да айта кеткен жөн. КСРО Жоғарғы Кеңесі басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануын үнемі тежеп отырғаны белгілі. Сондықтан Қазақстанның тағдырын шешкен осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу әрі қабылдау азаматтық батылдықтың көрінісі болды.
«Әрине, декларацияға енгізілген барлық норма сол кезеңнің ықпалы мен көрінісіне ие болды. Сондықтан нақты тармақтардың объективі арқылы еліміздің ұлттық мүддесін түгелдей қамту оңай болған жоқ. Сонымен бірге, жалпы атмосфераны ескеру қажет еді. Себебі, біз әлі толық мағынада тәуелсіз болған жоқпыз. Бұл құжатпен бәрі таза парақтан басталды. Бұған дейін ешкім құжатты ұлттық мүдде, өз республикасы ұғымдары бойынша қабылдаған жоқ. Бұл өте жауапты, бірақ сонымен бірге қызықты болды. Әрине, әркім егемендіктің мағынасына не кіруі керек екендігі туралы өз идеясын қосуға тырысты. Қызу пікірталас, әртүрлі ой. Барлығы бірдей қолдап, жақтаған жоқ, өйткені жұмыс тобына әртүрлі бағыттағы өкілдер кірді. Пленарлық отырыста менің кейбір әріптестерім «Тәуелсіздік» ұғымын толық енгізіп, одақтың барлық байламдарынан бас тартуды ұсынды. Бұл – батыл ұсыныс болды», - дейді Жоғарғы Кеңестің XII шақырылымының депутаты, мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдаудың бастауында болған бұрынғы Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова.
Құжатта Қазақ КСР егемендігін жариялап, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде саяси-құқықтық негіздерін жариялады. Онда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіндігі және татулығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің қағидалары бекітілді. Бұл - тарихи және өте маңызды шешім.
Фото: А. Павский/Kazinform
Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. ҚазКСР өзінің ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент ел басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды.
Қайта оралған мереке
2001 жылы 25 қазан Республика күні ретінде мемлекеттік мерекелер тізіміне енді. Алайда кейінірек 2009 жылы Президент жарлығымен бұл тізімінен алынып тасталды. Арада 13 жыл өткен соң 2022 жылы Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», - деді Мемлекет басшысы.
Сол жылы 25 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін ұлттық мереке ретінде белгілейтін заңға қол қойды. Осылайша, заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін Республика күні еліміздің жалғыз ұлттық мерекесі санатына еніп отыр.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через