Бөтен адамның суретін әлеуметтік желіге салуға бола ма?

Бөтен адамның суретін әлеуметтік желіге салуға бола ма?

фото: https://www.pinterest.com/

Әлеуметтік желідегі ашық суретті көшіріп жариялауға бола ма? Клиенттің фотосын жарнамаға салу үшін келісім керек пе? Ал біреудің суретін жариялап, оны «алаяқ» деп атаған жағдайда не болады? Қазақстанда дербес деректерге қатысты талаптардың өзгеруі бұл сұрақтарды қайта өзекті етті.

Қазақстан заңнамасында адамның бейнесіне қатысты құқық бұрыннан бар. Соңғы өзгерістерден кейін адамның бет-бейнесі дербес деректермен байланысты құқықтық қорғау аясына да енгізілді. Бірақ бұл «енді адамды суретке түсіруге болмайды» дегенді білдірмейді.

Әлеуметтік желідегі ашық фотоны пайдалануға бола ма?

Адам суретін әлеуметтік желіге өзі жариялағанымен, оны кез келген жерде пайдалануға автоматты түрде рұқсат берген болып саналмайды.

Мысалы, біреудің фотосын өз парақшаңызға көшіріп салу, оны жарнамаға пайдалану немесе басқа мақсатта тарату – әртүрлі жағдай.

Әсіресе жарнамалық және коммерциялық мақсатта адамның суретін пайдаланғанда оның келісімі қажет болуы мүмкін.

Клиенттің суретін жарнамаға салуға бола ма?

Мысалы, сұлулық салоны клиентінің шаш үлгісін жасап, нәтижесін фотоға түсірді. Клиент суретке түсуге келіскенімен, бұл фотоны кез келген жарнамаға пайдалануға рұқсат берді деген сөз емес.

Сондықтан кәсіпкер фотоның қайда және қандай мақсатта қолданылатынын алдын ала нақтылағаны дұрыс.

Әлеуметтік желіге жариялауға келісім берілген болса, оны сыртқы жарнамаға немесе басқа коммерциялық мақсатқа пайдалану мәселесі бөлек қаралуы мүмкін.

Ал көпшілік шарасында түсірілген фото ше?

Концерт, футбол матчы немесе қалалық мереке кезінде түсірілген жалпы кадрда көп адамның болуы қалыпты.

Мұндай жағдайда әр адамнан жеке келісім алу талап етіле бермейді. Бірақ сол суретті кейін жарнама ретінде пайдалану – басқа мәселе.

Яғни фотоның қай жерде түсірілгені ғана емес, оны не үшін пайдаланғаны да маңызды.

Біреудің суретін салып, «алаяқ» деуге бола ма?

Бұл жерде сақ болған жөн.

Мысалы, бір адам сізден ақша алып, қайтармады делік. Оның суретін жариялап, болған оқиғаны нақты фактілермен баяндау бір басқа. Ал оны «алаяқ», «ұры», «қылмыскер» деп атау – адамға құқықтық баға беру.

Егер адамның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталмаса, оны қылмыскер ретінде көрсетуге болмайды.

Сондықтан әлеуметтік желіде дәлелденген факт пен жеке болжамды ажырату маңызды.

Құқық бұзушылықты видеоға түсіруге бола ма?

Егер қоғамдық жерде біреудің мүлікті бүлдіріп жатқанын немесе басқа құқық бұзушылық жасағанын видеоға түсірсеңіз, қоғамдық мүдде ескерілуі мүмкін.

Бірақ видеода көрінбейтін басқа айыптарды қосып жазуға болмайды. Яғни дәлел нені көрсетсе, жарияланым да соның шеңберінде болғаны дұрыс.

Суретіңіз рұқсатсыз жарияланса не істеу керек?

Ең алдымен дәлелдерді сақтап қойыңыз:

  • жарияланымның скриншотын жасаңыз;
  • сілтемесін сақтаңыз;
  • жарияланған уақытын белгілеңіз;
  • мәтін мен пікірлерді де сақтаңыз.

Қажет болған жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе сотқа жүгінуге болады.

Негізгі қағида

Әлеуметтік желідегі сурет көпшілікке ашық тұр деген сөз оны кез келген мақсатта пайдалануға болады дегенді білдірмейді.

Адамның суретін жарияламас бұрын үш нәрсені ескерген жөн: фотоны пайдалануға негіз бар ма, қандай мақсатта жарияланып жатыр және жазылған ақпарат дәлелденген бе?

Цифрлық ортада бір суретті тарату оңай. Бірақ оның құқықтық салдары ұзаққа созылуы мүмкін.

https://stan.kz/

Читайте также

Subscribe
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите