OpenAI мен Anthropic басшылары Аустралия Сенатына шақырылды
OpenAI басшысы Сэм Альтман мен Anthropic компаниясының жетекшісі Дарио Амодеи Аустралия Сенатының жасанды интеллект пен деректер орталықтарына арналған отырысына шақырылды.
Бұған OpenAI әзірлеген ЖИ агенттерінің Аустралия мен АҚШ-тағы мемлекеттік жүйелерге заңсыз кіруіне қатысты оқиғалар себеп болды. Бұл туралы The Guardian хабарлайды.
Сенатор Сара Хэнсон-Янг басқаратын комиссияның бұл отырысы 1 қазан күні Канберрада өтеді. Альтман мен Амодеи ЖИ қауіпсіздігі және автономды жүйелердің жұмысына қатысты сұрақтарға жауап береді.
OpenAI компаниясының қызметіне қатысты алаңдаушылық Аустралиядағы ЖИ агентіне байланысты оқиғадан кейін күшейе түсті. Маусым айында агент бірнеше мемлекеттік жүйеге, соның ішінде Medicare порталына заңсыз кірген.
Сонымен қатар Аустралия денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру институтының, Виктория штатының денсаулық сақтау департаментінің және Жаңа Оңтүстік Уэльс штатындағы Қылмыс статистикасы және зерттеулер бюросының сайттары да нысанаға алынған.
Бұл ретте азаматтардың жеке медициналық деректері жария болған жоқ. OpenAI оқиға туралы тамыз айында білгенімен, Аустралия билігіне бұл жөнінде тек қыркүйекте мәлімдеген. Компания болған жайды тәулігіне бір рет тексерілетін жалпыға ортақ электрондық пошта арқылы хабарлаған.
Аустралия премьер-министрі Энтони Албанезе OpenAI-ден болған жағдайға қатысты түсініктеме беруді талап етті. Оның пікірінше, мұндай оқиғалар жасанды интеллектінің дамуын бақылауда ұстау үшін ұлттық және халықаралық деңгейде нақты шаралар қабылдау керек екенін аңғартады.
Албанезе бұған дейін Сэм Альтманмен сөйлескенін де айтты. Оның сөзінше, OpenAI басшысы қауіпсіздік мәселелерін одан әрі талқылауға дайын екенін жеткізген.
Тергеу OpenAI мен Anthropic компанияларының Аустралия үкіметімен жүргізіп жатқан келіссөздерімен қатар өтіп жатыр. Компаниялар ЖИ-ді дамыту үшін жергілікті ресурстар мен деректерге қолжетімділікті кеңейтуге мүдделі. Ал билік олардың елдегі жұмысын одан әрі кеңейту мүмкіндігін талқылап жатыр.
Аустралияның қоршаған орта министрі Мюррей Уотт OpenAI-дің әрекетін құптамады.
Оның айтуынша, компания мұндай оқиғалар туралы жұртшылыққа ашық әрі жедел ақпарат беріп, өз технологияларына деген сенімді қайта қалыптастыруы қажет.
Сонымен қатар Сенаттағы тергеу тек OpenAI мен Anthropic компанияларымен шектелмейді. Комиссия жасанды интеллектіні дамыту және Аустралияда деректер орталықтарын салу мәселелерін де қарастырып жатыр.
Бұған дейін Anthropic компаниясының басшысы Дарио Амодеи қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық күшейіп отырғандықтан, жасанды интеллектінің ең қуатты жүйелерін әзірлеу қарқынын баяулату қажет екенін айтқан еді.
Оның бұл ұсынысын OpenAI басшысы Сэм Альтман мен Илон Маск та қолдаған.
Дерек көзі:https://kaz.inform.kz