Өкпе обыры- аса қауіпті...

Өкпе обыры- аса қауіпті...

фото: https://en.ppt-online.orgо

       Өкпе обыры – өкпе немесе бронх тінінің жасушаларынан дамитын қауіпті қатерлі ісік. Халықаралық обырды зерттеу агенттігінің деректері бойынша, жыл сайын әлемде өкпе обырының шамамен 2,3 миллион жағдайы анықталады. Бұл аурудың қауіптілігі – ол бастапқы кезеңдерде айқын белгілерсіз болады  және көп жағдайда  асқынған кезеңінде анықталады. Өкпе обырына әйелдерге қарағанда ерлер жиірек шалдығады. Бұл – әлемдегі онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі. Басты себебі – дерт науқастардың 70%-дан астамында асқынған кезеңде анықталады. Толығырақ Ұлттық госпитальдің алдын алу медицинасы және салауатты өмір салты жөніндегі дәрігері Флюра Смаиловадан мағлұмат алған едік.

       -Елімізде жыл сайын өкпе обырына шалдыққан  4000  ға жуық адам анықталады. Негізгі қауіп-қатер факторларына келсек, темекі шегу.  90%-ға жуығы темекі шегуге (кәдімгі темекі, электронды темекі немесе кальян болсын) байланысты екендігі дәлелденген. Ауруға шалдығу қаупі темекі шегудің  ұзақтығына мен темекі санына қарай арта түседі.Пассивті темекі шегу, яғни темекі түтінін өзге адамдардың жұтуы да өкпе обырының даму қаупін арттырады. Темекі түтінінің әсеріне ұшыраудың қауіпсіз деңгейі болмайды!Кәсіби қауп түрлері : радон, асбест, мышьяк және басқа да химиялық заттардың әсерінен  қатерлі ісік дамуының қауіп факторы болып табылады;Радон – тұрғын үйлер мен жұмыс орындарында жиналып қалуы мүмкін табиғи жолмен түзілетін радиоактивті газ. Темекі шегуден кейін радон өкпе обырының негізгі себептерінің бірі болып саналады. Қоршаған ортада ауаның және табиғаттың ластануы. Көлік түтіні мен газ, өндірістік түтін және басқа да зиянды заттар денсаулыққа қауіп төндіреді. Өкпенің созылмалы аурулары тиісті деңгейде емделмеген жағдайда, кейінірек ісіктердің пайда болуына әкелуі мүмкін. Отбасылық анамнезде қатерлі ісіктің болуы да қауіп факторы болып табылады. Негізгі қауіп: ісіктер бастапқы кезеңдерде көбінесе ауырсыну немесе басқа да белгілер тудырмайды  соның салдарынан көпшілігі  кеш анықталады-дейді дәрігер                            

Өкпе обырының белгілері    

       Ф.Смаилованың айтуынша  өкпе обырында  ауруды ерте анықтауға мүмкіндік беретін, тек осы дертке ғана тән арнайы белгілер болмайды.   Дегенмен, егер сіз темекі шегетін болсаңыз, өндірістік химиялық заттардың әсеріне ұшырасаңыз немесе жақын туыстарыңызда қатерлі ісік ауруы кездескен  болса, денсаулығыңызды қадағалауға және жыл сайын алдын ала медициналық тексеруден өтуге елеулі негіз бар.                          

Мұқият назар аударатын жағдайлар

       Төмендегі белгілер байқалған жағдайда, дереу дәрігерге қаралу қажет: үш аптадан аса уақытқа созылған жөтел, қан аралас жөтел,ентігу, дауыстың қарлығуы, кеуде тұсындағы ауырсыну, себепсіз салмақ жоғалту, тұрақты әлсіздік пен шаршау сезімі. Алайда, бұл белгілер міндетті түрде қатерлі ісіктің бар екенін білдірмейді, дегенмен олар мұқият тексеруді қажет етеді.

Халықаралық нұсқаулар.

       Халықаралық онкологиялық ұйымдар (USPSTF, NCCN, IASLC) қауіп-қатері жоғары адамдарға жыл сайын төмен дозалы компьютерлік томография (ТДКТ) арқылы скринингтен өтуді ұсынады. Әдетте, бұл скрининг мынадай санаттағы адамдарға ұсынылады: 50–80 жас аралығындағы ересектер,ұзақ уақыт бойы темекі шеккендер (әдетте «пачка-жыл» есебімен 20 немесе одан да көп көрсеткіш), қазіргі уақытта темекі шегетіндер немесе соңғы 15 жыл ішінде темекі шегуді тоқтатқандар.Төмен дозалы КТ өкпе обырын емдеу өте  тиімді болатын бастапқы сатысында анықтауға мүмкіндік береді. ТДКТ скринингін дәрігер жеке қауіп-қатер деңгейін, нәтиежесін және рәсімнің ықтимал шектеулерін бағалағаннан кейін тағайындайды.

Алдын алу шаралары

       Темекі шегуден бас тарту. Бұл қауіпті ауруға шалдығу қаупін азайтудың ең сенімді жолы. Таза ауа.  Жұмыс орнында және үйде түтіннен, улы шаңнан және зиянды газдардан қорғану. Денсаулықты тексеру: Тұрақты тексерулер мен кеуде қуысының рентгендік зерттеулері ауруды ерте анықтауға көмектеседі.              

Ерте диагностика және емдеу әдістері

Қазақстанда өкпе обырын анықтауға арналған аспаптық диагностикалық зерттеулердің барлық түрлері, соның ішінде КТ (компьютерлік томография), МРТ (магниттік-резонанстық томография), ПЭТ-КТ (позитрон-эмиссиялық томография және компьютерлік томография) және гистохимиялық талдаулар қолжетімді. Өкпе обырымен ауыратын науқастар халықаралық стандарттарға сәйкес кешенді ем қабылдайды; бұған хирургиялық ота, сәулелік терапия және дәрілік терапия (мысалы, химиотерапия, иммунотерапия және мақсатты терапия) кіреді. 2018 жылдан бастап өкпе обырымен ауыратын науқастарға молекулярлық-генетикалық тестілеу жүргізіле бастады, бұл оларға жекелендірілген ем алуға мүмкіндік беріп, емдеу нәтижелерін айтарлықтай жақсартады-дейді Ф.Смаилова.

 Есте сақтайтын  маңызды жайттар!  

       Өкпе обырының көптеген жағдайының  алдын алуға болады.  Темекі шегуден бас тарту, темекі түтінінің әсерінен аулақ болу, жұмыс орнындағы қауіпсіздік шараларын сақтау және уақтылы тексеруден өту аурудың даму қаупін айтарлықтай төмендетеді. Ал ауруды ерте анықтау емнің сәтті өту мүмкіндігін едәуір арттырады. Өкпеңіздің саулығына алаңдасаңыз алдын алу шараларын бүгіннен бастаңыз! 

Ұлттық госпитальдің журналисі Жазира Зәкірқызы

Читайте также

Subscribe
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите