Бүгін, 1 шілдеде жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Ішкі істер министрлігінің өкілдері енді электрсамокат пайдаланушыларға нақты қандай талаптар қойылатынын түсіндіріп берді.
ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, енді әрбір жалға берілетін электрсамокатқа тіркеу нөмірі беріліп, сақтандыру полисі талап етіледі. Ал заң бұзған электрсамокаттар камералар арқылы анықталмақ.
Егер самокат пайдаланушының жүргізуші куәлігі болмаса, ол жолдың жүру бөлігімен жүрмеуі тиіс. Мұны сервис қатаң бақылауы қажет.
Жаңа талаптарға сәйкес, кикшеринг компанияларға, бұған қоса, мынандай міндеттер жүктеледі:
- электрсамокаттардың техникалық жағдайын қамтамасыз ету,
- олардың жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылау;
- белгіленген аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеу,
- электрсамокаттарды ретсіз қалдыруға жол бермеу;
- самокаттардың есебін жүргізу және қажетті мәліметтерді ішкі істер органдарына жолдау.
«Еске саламыз, электрсамокаттар велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүруі керек. Олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен қозғалуға болады. Тротуарда жүрген кезде жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс», – деп нақтылады Мұрат Қабденов.
Алайда 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне де тыйым салынады.
«Жолдың жиегімен жүруге тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігінің кез келген санаты және арнайы шлемі бар адамдарға ғана рұқсат етіледі», – дейді ІІМ өкілі.
Сондай-ақ электрсамокатпен жолаушыларды, жүктерді тасымалдауға және жаяу жүргіншілер өткелі арқылы самокаттан түспей жолды кесіп өтуге, қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз автокөлік жолымен жүруге тыйым салынады.
https://nege.kz/