Тері аурулары дәрігерге жиі қаралуға себеп болатын дерттің бірі. Ал жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) көп жағдайда ұзақ уақыт ешқандай белгі бермейді. Қазақстанда дерматовенерологтың қабылдауы, қажетті тексерулер мен емдеу қай жағдайда тегін көрсетіледі?
2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген ҚР Конституциясының 32-бабына сәйкес азаматтардың денсаулығын қорғауға және заңда көзделген жағдайларда тегін медициналық көмек алуға құқығы бар. Бұл құқық тері аурулары мен жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды (ЖЖБИ) диагностикалау және емдеуге де қатысты.
Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі Сәния Оспанованың айтуынша, мұндай көмек ТМККК және МӘМС аясында көрсетіледі. Әсіресе мерез (сифилис), ауыр созылмалы және тұқым қуалайтын тері аурулары бойынша ем кепілдендірілген. Ал басқа аурулардағы тегін көмектің көлемі диагнозға, медициналық көрсетілімге және пациенттің сақтандыру мәртебесіне байланысты анықталады. Шұғыл көмек барлық азаматқа сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.
Пациенттер дерматовенерологқа жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз тікелей жүгіне алады. Алайда көрсетілетін қызметтің тегін болуы оның ТМККК немесе МӘМС пакетіне енуіне байланысты.
Дерматовенерологиялық көмек алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарынан бастап аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі мамандандырылған орталықтарда көрсетіледі. Ауыл тұрғындарына амбулаториялар мен медициналық пункттерде алғашқы көмек беріліп, қажет болса жоғары деңгейдегі мамандарға жолданады. Қолжетімділікті арттыру үшін телемедицина, көшпелі қабылдаулар және жылжымалы медициналық кешендер кеңінен қолданылып келеді.
Мемлекеттік ұйымдарда дерматоскопия, зертханалық, ПТР, серологиялық зерттеулер, биопсия және заманауи фототерапия әдістері қолданылады. Ем амбулаторияда немесе стационарда жүргізіліп, дәрілік терапия, физиотерапия және диспансерлік бақылауды қамтиды.
Дәрігерлердің айтуынша, тұрғындар көбіне дерматит, экзема, псориаз, безеу, розацеа, саңырауқұлақ аурулары және ЖЖБИ күдігімен жүгінеді. Сонымен қатар ұзақ мерзімді ем мен бақылауды қажет ететін созылмалы дерматоздары бар пациенттер саны артып келеді.
Қазақстанда ЖЖБИ мен АИТВ инфекциясының алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Құпия тестілеу, кеңес беру, байланысқа дейінгі және кейінгі профилактика қолжетімді. Бұл шаралар ауруларды ерте анықтап, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
https://kaz.inform.kz/