Дәрігерге жүгінбей-ақ жасанды интеллектпен «кеңесіп», өз-өзін емдеуге тырысатын қазақстандықтардың саны артып келеді.
Осыған байланысты Kazinform тілшісі жаңа технологияның медицина мен қоғам өміріне дендеу үдерісін саралады.

Коллаж: Kazinform/ЖИ көмегімен жасалған
Қазақстандықтардың тең жартысы ЖИ-мен кеңеседі
Қазақстандықтардың жартысынан көбі (51,1%) бүгінде ChatGPT, Gemini және өзге де жасанды интеллект сервистерін пайдаланады. ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының дерегіне сәйкес, ЖИ-ді ең белсенді қолданатындар — жастар.
Инфографика: Kazinform
18-29 жас аралығындағы азаматтардың 76,2%-ы осы технологияларды қолданатынын айтқан. 30-45 жас тобында бұл көрсеткіш — 57,1%. Ал жас ұлғайған сайын қызығушылық төмендейді: 46-60 жаста — 37,5%, 61 жастан асқандар арасында — 16,6%.
Бұл деректер жасанды интеллектінің қоғам өміріне жылдам еніп жатқанын айқын көрсетеді. Жастар оны көбіне оқу мен өзін-өзі дамытуға (48,7%), сондай-ақ мәтінмен жұмыс істеуге (44,2%) пайдаланады. Орта жастағы топта да негізгі сұраныс ақпаратқа бағытталған. Ал 61 жастан асқан азаматтар үшін ЖИ көбіне іздеу жүйесінің баламасына айналған. Олардың 40,8%-ы оны ақпарат іздеу құралы ретінде қолданады.
Уақыт өте келе жасанды интеллект тек күнделікті цифрлық әдетке емес, медицина саласына дендеп ене бастады. Бүгінде кейбір қазақстандықтар ChatGPT секілді сервистерге медициналық деректерін енгізіп, белгілерін сипаттап, алдын ала кеңес алуға тырысады.
ChatGPT дәрігердің орнын баса ма?
Жалпы тәжірибелі дәрігер, педиатр, Еуразиялық терапевтер ассоциациясының мүшесі Лаура Әзімхан мұндай пациенттердің көбейгенін айтады.
— Көбіне ата-аналар ғаламтордан немесе ChatGPT сияқты құралдардан ақпарат оқып, тіпті диагнозға күмәнданып келеді. Бұл — қазір қалыпты жағдай. Себебі ақпаратқа қолжетімділік жоғары. Бірақ ол клиникалық тұрғыда дәл бола бермейді. Әсіресе жас ата-аналар алдымен интернеттен симптомдарды іздеп, содан кейін ғана дәрігерге жүгінеді. Кейбірі жеңіл жағдайларда мүлде келмейді, өз бетімен ем қабылдайды. Ал ол кейде уақыт жоғалтуға немесе қате емге әкелуі мүмкін, — дейді дәрігер.
Оның айтуынша, мұндай жағдайлар кейде аурудың асқынуына да себеп.
Фото: Лаура Әзімханның жеке мұрағатынан
— Мысалы, менің практикамда қажетсіз антибиотик қабылдау немесе диагнозды кеш білу жағдайы кездесті. Қабылдауымда жиі ChatGPT қателіктерін айтып, уақыт жоғалтамын. Ата-аналар оған қатты сенеді. Тіпті мен айтқан дүниені көзімше ЖИ-дан сұрайтын кездері болды, — дейді маман.
Дәрігердің пікірінше, интернеттегі ақпарат тек бағыт-бағдар ретінде қабылдануы тиіс, ал нақты диагнозды тек маман қояды.
Бұл үрдістің салдары нақты өмірлік мысалдармен де дәлелденіп отыр. Соның бірі — әлеуметтік желілерде кең тараған жағдай. Бағым есімді Рим қаласында оқитын бойжеткен шашының қатты түсе бастағанын айтып, шешімді ChatGPT пен TikTok арқылы іздеген.
Дәрігер кеңесінсіз ұсынылған препараттарды қолданғаннан кейін ол керісінше 70 пайыз шашынан айырылған. Қазір ол тәжірибесін бөлісіп, желі қолданушыларын өз бетінше емделмеуге шақырып жүр.
ЖИ-ді медицинада қолдану: әлемдік тәжірибе мен шектеулер
Жасанды интеллект тек пациенттер арасында емес, медицина мамандары арасында да кең таралған. Тенденция әлемдік деңгейде байқалады.
Бүгінде бүкіл әлем бойынша 40 миллионнан астам адам күн сайын денсаулыққа қатысты кеңес алу үшін ChatGPT-ді пайдаланады. Чат-ботқа жіберілетін барлық сұраныстың 5 пайыздан астамы медицина тақырыбына қатысты.
OpenAI компаниясының дерегіне сәйкес, ChatGPT-ге медициналық сұраныстар апта сайын миллиардтаған көлемде түседі. 800 миллионнан астам қолданушының әр төртіншісі денсаулыққа қатысты сұрақ қояды.
Фото: healthaffairs.org
АҚШ-та технология пациенттер үшін де, дәрігерлер үшін де күнделікті құралға айналған. Медициналық қауымдастық зерттеулеріне сәйкес, 2024 жылы дәрігерлердің 66%-ы жасанды интеллектіні қолданған (2023 жылы — 38%). Олар оны диагноз қоюға емес, құжат жүргізу, ем жоспарын құру және ғылыми ақпаратты талдау үшін пайдаланады.
Wolters Kluwer жүргізген зерттеу бұл үрдісті растайды. АҚШ-та медицина қызметкерлерінің 40%-дан астамы ChatGPT сияқты құралдарды аптасына кемінде бір рет қолданады. Олардың ішінде медбикелер мен фармацевтердің үлесі жоғары.
Сонымен қатар OpenAI мәліметінше, ЖИ әсіресе медициналық қызмет жетіспейтін ауылдық аймақтарда маңызды рөл атқарып отыр.
Киберқауіпсіздік саласының сарапшысы Абылай Исиннің айтуынша, әлем елдері қазір реттеу жүйесін күшейтіп жатыр.
Фото: Абылай Исиннің жеке мұрағатынан
— АҚШ, Еуропа, Қытай және Жапонияда ЖИ-медицина қатаң бақылауға алынды, — дейді ол.
Қазақстандағы ахуал
Еліміз жаңа технологияны медицинаға енгізу бағытында алғашқы қадам жасап жатыр. Дегенмен сарапшылар инфрақұрылым мен дайындық әлі толық қалыптаспағанын айтады.
— Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі ЖИ-ді халықтың жаппай пайдалануына әлі толық дайын емес. Ол үшін халыққа түсіндіру жұмыстары, сенімді сервистер, құқықтық база және деректерді қорғау жүйесі қажет. Егер осы бағыт дұрыс дамыса, алдағы 2-3 жылда қауіпсіз әрі тиімді ЖИ көмекшілері пайда болады, — дейді сарапшы.
Сонымен бірге елімізде нақты нәтижелер бар. Соның бірі — Cerebra.AI жүйесі. Ол бірнеше клиникада инсульт диагностикасын жылдамдатып, өлім-жітімді азайтуға ықпал етіп отыр. Жүйе КТ суреттерін бұрын 30 минутта талдаса, қазір 5-10 минут ішінде өңдейді. Бұл кей жағдайда адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, қатерлі ісік пен пневмонияны ерте анықтау, телемедицина, зертханалық диагностика бағыттарында да жобалар дамыған. Биыл Денсаулық сақтау министрлігі жасанды интеллект арқылы медициналық қызмет сапасын арттыруға арналған кешенді жоспарды іске қосуды көздеп отыр.
Алайда, Мәжіліс депутаты Даулет Мұқаев атап өткендей, саладағы түйткілдерді жою қажет.
— Бізде талдау жасауға және жүйелерді оқытуға қажетті бірыңғайланған деректер аз, — дейді депутат.
Фото: Dauletten/Instagram
Оның пікірінше, елімізде интеграция әлсіз. Соған қарамастан, Қазақстан жасанды интеллектіге қатысты заң қабылдап, бұл бағытты реттеуге кірісті.
— Жасанды интеллектіге қатысты заң қабылданды. Бірақ медицина үшін негізгі басымдықтар қалыптасуы тиіс. Пациент қауіпсіздігі, клиникалық тексеру, деректердің қорғалуы, қате диагноз үшін жауапкершілік пен дәрігерлердің ЖИ-мен жұмыс істей алуы. Осы мәселелердің түйінін шешу кезек күттірмейді, — дейді депутат.
P.S. Жасанды интеллект медицина мен күнделікті өмірге қарқынды еніп келеді, алайда оның мүмкіндігі мен шектеуін тең ұстау — басты талап. Сарапшылардың айтуынша, технология дамығанымен, түпкі шешім мен жауапкершілік әрдайым адамда қалуы тиіс.
Ақпарат Kazinform агенттігінен алынды.