WhatsApp

Қоғамдағы жалғыздық феномені

Қоғамдағы жалғыздық феномені
фото: Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры

       Қазіргі қазақ театр кеңістігінде жаңа эстетика мен режиссерлік тіл іздейтін жас буын өкілдері қалыптасып келеді. Солардың бірі – жас режиссер Заңғар Ахмет-Қазы. Оның Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында қойған «Бәрі жақсы» спектаклі қазіргі қоғамдағы адам жалғыздығы мәселесін сахналық тіл арқылы бейнелеуге бағытталған.

       Спектакль драматург Олег Богаев шығармаларының желісі негізінде жасалған және антология формасында қойылған. Яғни қойылым бір ғана оқиғаға емес, бірнеше кейіпкердің тағдырын тоғыстыратын қысқа драмалық эпизодтардан тұрады. Әрбір оқиғада адамның ішкі күйзелісі, қоғамнан алыстау сезімі және сол жалғыздықпен күресу әрекеті көрініс табады.

       Қойылым театрдың кіші залында өтетін камералық форматта жүзеге асқан. Мұндай кеңістік режиссердің актерлік ойын мен көрермен арасындағы дистанцияны қысқартып, сахналық әрекетті барынша терең психологиялық деңгейге жеткізуіне мүмкіндік береді. Камералық атмосфера көрерменді кейіпкерлердің ішкі әлеміне жақындатып, олардың жан дүниесіндегі күйзелістерді тікелей сезінуге жағдай жасайды. Кейіпкерлердің күнделікті репетициялары олардың өмірлік тәжірибесі мен орындалмай қалған армандарының көрінісіне айналады. Әр актриса (Шолпан Сіргебаева, Жібек Бектемір, Күлжәмилә Белжанова) сахнада өзі армандаған образдарын қайта тірілтуге тырысады. Сол арқылы олар классикалық драматургиядағы әйгілі әйел бейнелерін – Медея, Қарагөз және Джульетта рольдерін сахналап көреді. Бұл бейнелер кездейсоқ таңдалмаған, олардың әрқайсысы әйел тағдырының күрделі психологиялық қырларын білдіреді. Осылайша кейіпкерлер өз өмірі мен сахналық образдардың арасында символикалық байланыс орнатады.

       Спектакльдің негізгі тақырыптарының бірі – қазіргі қоғамдағы жалғыздық феномені.Режиссер бұл мәселені тек әлеуметтік проблема ретінде ғана емес, адамның ішкі болмысына тән экзистенциалдық күй ретінде қарастырады. Кейіпкерлер өзара байланыс орнатуға тырысқанымен, көбіне түсінбеушілікке, оқшаулануға тап болады. Осы арқылы қойылым адам мен қоғам арасындағы нәзік қарым-қатынасты көрсетеді.

       Жас режиссердің ізденісі ең алдымен сахналық тілдің заманауи формаларын қолдануынан байқалады. Қойылымда актерлік пластика, үнсіз паузалар, кеңістікті символикалық қолдану сияқты тәсілдер маңызды роль атқарады. Мұндай режиссерлік шешімдер спектакльдің мазмұнын тек сөз арқылы емес, визуалды және пластикалық элементтер арқылы да жеткізуге мүмкіндік береді.

       Сонымен қатар, «Бәрі жақсы» спектаклі қазіргі қазақ театрындағы жаңа режиссерлік ойлаудың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Заңғар Ахмет-Қазының жұмысы дәстүрлі драмалық баяндаудан гөрі, этюдтік құрылым мен психологиялық атмосфераға негізделген. Бұл оның театрды тек оқиға айту құралы ретінде емес, адам жанының күрделі күйін зерттейтін көркем кеңістік ретінде қарастыратынын аңғартады.

       Қорытындылай келе, «Бәрі жақсы» спектаклі – жас режиссердің шығармашылық ізденісін айқын көрсететін жұмыс. Қойылым қазіргі қоғамдағы жалғыздық тақырыбын сахна тілі арқылы зерттеп, көрерменді адам болмысының терең мәселелері туралы ойлануға жетелейді. Мұндай режиссерлік тәжірибелер заманауи қазақ театрының  жаңа бағыттар мен эстетикалық мүмкіндіктерінқарастырады.

       Нарқыз Қанатқызы

       Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының

       3 курс студенті