WhatsApp

Актерлік ізденіс шыңында

Актерлік ізденіс шыңында
фото: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар

мен жасөспірімдер театрының актрисасы

Гүлбахрам  Байбосынованың шығармашылығы туралы

 

       Қазақ сахнасында 10 жылдан астам қызмет етіп, өзінің еңселі образдарымен көрініп жүрген Байбосынова Гүлбахрам 1987 жылы дүние есігін ашқан. Суреткер актриса өнерлі отбасыдан шыққан. Әпкесі он алты жасында белгілі режиссер Жанат Хаджиевтің Қарағанды облысында қойған «Қыз Жібек» қойылымында Жібекті ойнаған. Осылайша, актриса болуды мүлдем армандамаған Гүлбахрам оқуға әпкесінің кеңесі бойынша түскен. Оқу тәмамдаған сәттен бастап Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына жұмысқа қабылданып, түрлі қойылымдарда рольдерді сомдап келеді. Гүлбахрам киелі сахнада алғаш көрінген кезден бастап театрдың киелі сахна атмосферасына кірісіп кеткендігін атап айтқан болатын.Актриса өнер жолында тек театр өнерімен шектеліп қана қоймай, кино әлемінде отандық фильмдер мен телехикаяларда бой көрсетіп келеді. Театрға алғаш қадам басқан жылдары жүргізуші-дикторлыққа кетуді ойлаған өнерпаз, уақыт өте келе театрдан рухани ләззат алатындығын түсінген. Жезқазғанда оқуға түспестен бұрын ансамбльде бишілікпен айналысқан. Пластика жағынан икемділігі басым актриса әншілік өнерін де қатар алып жүрген. Актер деген жан-жақты ізденуші болғандықтан, сахнагердің басқа да қырларының бар екендігі қуантады. Ол спектакльде ойнаған роліне қарай болмысының ашылатындығын сұхбаттарының бірінде айтқан болатын. Қазіргі таңда, «Қара Шекпенде» – Сылаңды, «Ақ кемеде» – жеңгені, «Құлагерде» – Қанаттыны, «Махаббат, қызық мол жылдарда» – Меңтайды, «Перзентханада» – Женяны асқан керемет болмысымен сомдайды. Яғни, лирикалық рольдерге жан дүниесінің жақын екендігі ерекше көрінеді. Алайда, актриса бір ғана бағытта жүрмей, өзін жан-жақты ашуға тырысады.

       Алғашында театрға бір еңбегім сіңер деген кішігірім мақсатпен қадам басқан актриса бірқатар рольдерімен көзге түсіп жүрді. Сонымен қатар, театр сүйер қауым тарапынан да, аға буынды әріптестерінің бағалауымен де ерекшеленді. Гүлбахрам Ахатқызының театр көрермендерінің тарапынан дараланған бейнелерінің бірі – «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымындағы Меңтай. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әзілхан Нұршайықовтың қолынан туған туынды талай жанның жүрегін елжірете жылатқан болса, Фархад Молдағалидің режиссурасымен қойылған сахналық көрініс көрерменнің ыстық ықыласын алып, репертуар қоржынындағы көркем туындылар қатарына кірді. Романтикалық кейіпкер ретінде көрермен көзайымы атанған Меңтай – спектакльді әрлеп, мөлдір махаббатты көрсеткен бейне. Бізге Меңтай сияқты кейіпкерлер ұлттық әдебиетіміздегі жанымызды тебіренткен шығармалардан-ақ таныс. Меңтай бейнесінің сәтті шығуы роль тудырушының ізденісі қарқынды жүргендігінің дәлелі. Дегенмен де, әрбір көрерменнің өз Меңтайының бар екендігі анық. Ал образ жасаушының Меңтайы ашық, жарқын, көңілді қыз еді. Ерболды көре сала аңғал сезімі ашылған Меңтайдың бар эмоциясы жүзінде тұр. Ербол екеуінің «Пенелопа» туралы әңгіме оқыған көрінісінен-ақ, жарық маңдайы жарқыраған қыздың көзқарасы тұңғиықтай терең еді. Кейіпкердің бейнесін аша білген ізденімпаз бізге нәзік қызды көрсетті.

       Қазақ театрының сахнасында қалыптасуына әйелдер ойнайтын рөлдердің күрделі жолдардан өтіп отырғандығы белгілі. Қазіргі таңның озық әйел кейіптері де көп сыннан өтіп, сараланады. Осы орайда, Г.Ахаттың қазақ сахнасында әйел бейнелерін көркем сомдайтындығын айшықтап айта аламыз. Ол қазіргі театр сахнасында Елік Нұрсұлтанның режиссерлігімен қойылған «Шағала» драмасында - Нина Заречная кейіпкерін сомдайды. Бұл жай ғана қойылым емес, қазіргі заманауи театр сүйер қауымның көңілдерінен шыққан өміршең дүние. Г.Ахат басты кейіпкерді ойнау арқылы актерлік ойын ерекшелігін көрсете білді. Яғни, драматургиялық мәтіннің символикасына айналған жалғыз қалған шағаланың ауыр тағдырын актерлік ішкі сезімі арқылы ерекше жеткізе білген.Жалпы, актердің шеберлігін кейіпкер жандылыққа жетелейтін бірден-бір күш – ол сезіну. Кейіпкердің хал-күйін сезіну арқылы үлкен жетістікке жете алады. Соған сәйкес, Г.Ахатқызының Нина бойындағы бар қасиетті сіңіріп, ішкі жан дүниесіне кіріге білгендігін келтіруге болады. Тіпті, образдың шығармашылық мүмкіндікке толық жете алмауы, басты бейненің психологиялық тебіреністерін жеткізуге кедергі болған жоқ. Сондай-ақ, актрисаның сахна төбесінен оқылған монологынан әсем үні айқын естіледі. Көрерменге әрбір сөз нақты жетіп отыруының нәтижесінде көрермен айрықша сезімге бөленді. Сахнаның басты тұлғасы – актер болғандықтан, сахнадағы басқа да кейіпкерлермен байланысы айқын көрінуі тиіс. Демек, суреткердің сахнадағы серіктестерімен жақсы жұмыс жасай алатындығын көреміз.

2022 жылы Гүлбахрам Ахатқызы М.Әуезовтың 125 жылдығына арналған VIII Орталық Азия елдерінің халықаралық театр фестивалінде Нина Заречная ролі үшін «Үздік әйел бейнесі» номинациясын иеленді. Актриса Нина бейнесі арқылы қойылымның уақыт кеңістігіне сай орыс халқындағы қыздардың бұғаулы өмірін көрсеткісі келді. Әйел бейнесі, оның халі, жан-дүниесі қай ғасырда болмасын бізге жат емес. Себебі, әйел – ұлттың көркі, бар айнасы. Сондықтан да әйел тақырыбы әрқашан да өзектілігімен қалыста қалмайды.

       Жуырда сахнаға жол тартқан режиссер Галина Пьянованың «Перзентхана» спектаклінде де әйел тағдырының күрделі иірімдері тереңнен қозғалады. Бұл қойылымда сахна шебері Гүлбахрам қырық жас шамасындағы Женяның жан әлемін айрықша шынайылықпен бедерлеп, кейіпкер болмысына өзгеше тыныс береді. «Перзентхана» қойылымы перзентхана қабырғасында өрбитін, көп жағдайда ашық айтыла бермейтін өмір шындықтарын батыл түрде алға шығарады. Спектакль әйелдің ана атанғанға дейінгі ауыр да жанкешті жолын, жан мен тән сынға түсетін сәттерін шынайы әрі толымды бейнелей отырып, көрерменді терең ойға жетелейді. Бүгінгі күні көптеген орта жастағы жүкті әйелдерге сәбиінің ерекше екендігі туралы хабар түседі. Сол сәттен бастап әйелдің жан дүниесін меңдейтін – тынымсыз уайым мен түн ұйқысын бөлген көз жас. Бірақ қайғының қара бұлты қанша қоюланса да, ана жүрегі мұқалмайды. Нағыз ана баласын қандай хәлде де бауырына басуға бекінетіндігі хақ нәрсе. Осы ішкі арпалыс пен үнсіз жан айқайын сахнада рөл иесі бар болмысымен, табиғи тереңдікпен кестелеп, кейіпкер қасіретін көрерменнің жүрегіне жеткізе білді. Жоғарыда атап өткеніміздей, сахнада әріптестерін терең түсініп, ансамбльдің біртұтас ырғақпен қозғалуына үлес қосатын Гүлбахрам басқа актрисалармен үйлесімділік орнатуда еш қиындыққа тап болмағаны көрініп тұр. Спектакльде Г.Ахатқызы кейіпкер Женяның ауызынан шыққан: «Біз – әйелдер, мықтымыз, барлығын жеңіп шығамыз!» деген сөзді тек жүктіліктің ауыртпалығын тартқан әйелдерге емес, барша нәзік жанды көрерменге рух беретіндей, шынайы сенімділікпен жеткізді. Осылайша, суреткердің қанжығасы тағы бір ерекше бейнемен толықты.

       Актриса әрбір рольдің өзіне тән үнін тауып, сол үнді өсіріп, ширықтырып сахнаға шығарады. Оның әрбір ролі психологиялық тебіреністерге толы. Кәсіби актер шеберлігінің өмір шындығынан алынатыны және ізденістен туатыны анық. Дәл осындай принциптерді ұстанушы Г.Байбосынова өз шығармашылығын биік деңгейде шыңдап, актерлік ізденіс қырларын ашып жүр.

 

Сағынғалиева Динара

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық

  өнер академиясының 3 курс студенті