Таңбасыз тауар қалмайды: жаңа ереже қалтаға қалай әсер етеді?

Таңбасыз тауар қалмайды: жаңа ереже қалтаға қалай әсер етеді?
фото: https://skladolog.ru/articles/

       Биылдан бастап Қазақстанда дүкендегі тауарлардың көбі міндетті түрде цифрлық таңбалаудан өтеді. Яғни әр өнімнің өзіне тән Data Matrix коды болады. Бұл код арқылы тауардың қайда өндірілгені, қалай жеткізілгені және қай жерде сатылып жатқаны бақыланады.

       Қазірдің өзінде 6 тауар тобы міндетті түрде таңбаланады: темекі, аяқкиім, дәрі-дәрмек, мотор майлары, сыра өнімдері және киік туындылары. Алдағы уақытта бұл тізім одан әрі кеңейеді. Жеңіл өнеркәсіп тауарлары, зергерлік бұйымдар, тұрмыстық химия, өсімдік майы сияқты көптеген өнімдер де кезең-кезеңімен осы жүйеге қосылады.

       Мысалы, сыраны таңбалау 2026 жылғы 1 ақпаннан басталды. Алдымен кег пен бөтелкедегі сыра, кейін банкадағы өнімдер қамтылады. 2027 жылдан бастап бүкіл айналым толық бақылауға алынады. Таңбалау тек 2026 жылдың ақпанынан кейін өндірілген өнімге қатысты болады. Бұған дейінгі тауарлар бір жыл ішінде сатылып кетуі тиіс.

       Ресми түсіндіру бойынша, бұл шара көлеңкелі экономиканы азайтып, нарықты «тазартуға» көмектеседі. Үкімет өкілдері таңбалау адал кәсіпкерлерді қорғайды және заңсыз өнім көлемін қысқартады дейді.

       Алайда кәсіпкерлер мен депутаттар бұл бастама бағаның өсуіне әкелуі мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. Себебі таңбалау жүйесіне қосылу үшін бизнеске қосымша шығын қажет. Жабдық алу, жүйеге тіркелу, әр тауарға код сатып алу — бәрі қаржы. Мысалы, бір Data Matrix коды 2026 жылы ҚҚС-пен бірге 3 теңге тұрады. Шағын дүкендер үшін бастапқы шығын миллион теңгеден асады деген есеп бар.

       Бұл шығын ақыр соңында тұтынушының қалтасына түсетіні түсінікті. Сондықтан Сенат таңбалауды ерікті ету туралы ұсыныс айтқанымен, Үкімет бұл ұсынысты қолдаған жоқ.

       Таңбалау киік өнімдеріне де қатысты. Киік мүйіздері есепке алынып, арнайы жүйе арқылы бақыланады. Болашақта оларды шетелге шығару үшін халықаралық талаптар сақталмақ.

       Қысқасы, алдағы жылдары дүкен сөресіндегі кез келген тауардың өз «цифрлық паспорты» болады. Басты сұрақ — бұл жүйе шынымен нарықты тәртіпке келтіре ме, әлде бағаның тағы бір өсуіне себеп бола ма? Оны уақыт көрсетеді.