Сіз бір жылда қанша киім сатып аласыз?

Сіз бір жылда қанша киім сатып аласыз?
фото: pixabay.com

Әлемде жылына 150 млрд тонна киім шығарылады. Сарапшылардың дерегінше, біздің елде бір жылда шамамен 500 млн данасы сатылады. Демек, бір адам орташа есеппен 26 киім алады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жаңа киімдерді жиі сатып алу (сән жиі өзгереді) тиімсіз, себебі ол планетаны қалдықтармен толтырады, көптеген ресурсты тұтынады және атмосфераны ластайды. Экологтар сапалы заттарды сирек сатып алған, оларды ұзағырақ киген және ескі киімдерді сыйға тартқан немесе қайта өңдеуге жіберген дұрыс дейді.

Ескі киімдеріңізді қоқысқа тастамаңыз! 

 

Елде көне көйлек-көншікті қайта өңдейтін орындар көп. Тек Астанада 150 қабылдау пункті орнатылған. 

Қандай киімдерді алады? Қалай тапсыруға болады? 

Сарапшылардың есебінше, жыл сайын полигоннан 120 мың тонна киім табылады. Бұл 6 мыңдай жүк көлігі. Киім өндірісі зиянды қалдықты толтырғаннан бөлек, суды да литрлеп ысырап қылады. Эколог Айдана Қыдырова осы тақырыпта бірнеше ғылыми жұмыс жазған.

Айдана Қыдырова, эколог:

Қазіргі кезде шопогализм қатты дамып кетті. Адамдар оның ар жағын білмейді. Бір футболканы тігуге 1000 литрден астам су кетеді. Дүниежүзіндегі мұхиттың бір пайызы ғана ішуге жарамды. Соның өзінде адамдар оны киім өндірісіне пайдаланады және де оны мақта өндірісі кезінде де қолданады.

Киімге құмарлықтың салдарын әбден зерделеген маман жаңа көйлек-көншікті өзі де барынша аз киеді екен. Биыл әзірге біреуін де сатып алмай, тек секонд-хэндтен сауда жасаған. «Бастысы – экологияға зияны жоқ. Сосын қымбат емес» дейді. Жаңа киім алғанның өзінде ол ескіргесін қайта өңдеуге тапсырады. 

Фото: pixabay.com.

Қоймаларда қапшық-қапшық боп үйілген ескі киімдер көп. Ересектердің, балалардың киімдері түр-түсіне қарай бөлек-бөлек жиналады. Мұның 90 пайызын жетімдер үйіне жеткізіледі, қалған 10 пайызы секонд-хэндте саудаланады. Қойманың иесі Дәулет Керейбаевтың сөзінше, астаналықтар күніне 3 тонна ескі киім жібереді.

Дәулет Керейбаев, кәсіпкер:

Киім таза, жыртық емес болуы керек. Сіздің киіміңіз өте жақсы, жуылған. Иә, мұны аламыз. Қайырымдылық дүкендері қала бойынша екеу. Бағалары 100-5000 теңге аралығында.. Одан аспайды.

Татьяна Имбергенова, дизайнер:

Киімнің экологияға зиянын білсеңіздер ғой. Зардабы жиі сөз болатын пластиктен асып түседі! Соны білгесін, жаңа матадан киім тігуге қолым бармайды. Ескіден де осындай әдемі киім тігуге болады. Сұраныс аз емес. Айына кемі 70 данасын сатамыз.

Экологтар қоршаған ортаға зиян тигізбеу үшін жылына 10 жаңа киім алған дұрыс дейді. Ескісін қайта өңдеу үшін арнайы постоматтарға салып кетуге болады. Мұндай құрылғылар барлық дерлік қалада бар. Сонда сөреңіздің сәні кіреді, табиғатқа да зиян келмейді.