Астанада 15 қыркүйекте тұмауға қарсы вакцинация басталады. Бұл туралы елордалық әкімдік хабарлап, ең бірінші кезекте екпе қауіп тобындағы адамдарга жасалатынын мәлімдеді.
Бұл тізімге медицина қызметкерлері, созылмалы аурулары бар адамдар, балалар мен оқушылар, жүкті әйелдер, егде жастағы азаматтар, сондай-ақ жабық үлгідегі мекемелер мен әлеуметтік қорғау ұйымдарында тұратын тұрғындар кіреді.
Сонымен қатар, қалалық емханалар мен стационарлар ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық өсіміне дайындалуда.
ЖРВИ белгілері байқалған жағдайда қайда хабарласу керек?
Емханаларда фильтр-кабинеттер мен шұғыл көмек кабинеттері жұмыс істейді. Олар жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін пациенттерді қабылдайды.
Сондай-ақ үйде көмек көрсететін мобильді бригадалар жұмыс істейді. ЖРВИ және тұмау белгілері бар жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға ерекше назар аударылады.
Стационарларда ауруханаға жатқызылғандар саны артқан жағдайда қосымша инфекциялық төсек-орындарды ашу мүмкіндігі қарастырылған.
Сыныпты қашықтан оқытуға көшіруі мүмкін
Мектептер мен балабақшаларда келушілер саны күн сайын бақыланып, «таңертеңгілік сүзгі» жүргізіледі.
Егер бір сыныпта оқушылардың 30 пайызы және одан да көбі ауырып қалса, бұл сыныпты уақытша қашықтан оқыту форматына көшіру мәселесі қарастырылуы мүмкін.
Елорданың медициналық ұйымдарының эпидемиялық маусымға дайындығы 10 қыркүйекке дейін тексеріледі. Маусымдық сырқаттанушылықтың өсу кезеңінде ЖРВИ, тұмау және COVID-19 мониторингі де күшейтіледі.
https://baq.kz/