Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынады
Білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
Білім алушылардың денсаулығын сақтау, оқу процесінің тиімділігін арттыру және шамадан тыс оқу жүктемесінің алдын алу – білім беру ұйымдарының негізгі міндеттерінің бірі. Осы мақсатта сабақ кестесін әзірлеу кезінде білім алушылардың жас ерекшеліктері, оқу жүктемесі, сабақтардың ұзақтығы және үзілістердің ұйымдастырылуы ескерілуі қажет.
Білім беру объектілеріндегі оқыту жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен бекітілген санитариялық қағидалармен реттеледі.
Сабақ кестесін құрудағы негізгі талаптар
Сабақ кестесі білім алушылардың күнделікті және апталық жұмыс қабілетінің ерекшеліктерін ескере отырып құрастырылуы тиіс. Оқу пәндерін орналастыру кезінде пәндердің күрделілік деңгейіне назар аудару маңызды.
Күрделі әрі жоғары зейінді қажет ететін пәндерді оқушылардың жұмысқа қабілеттілігі жоғары уақытқа жоспарлау ұсынылады. Сонымен қатар оқу күні барысында пәндерді тиімді алмастырып орналастыру білім алушылардың шаршауын азайтып, оқу материалын жақсы меңгеруіне мүмкіндік береді.
Сабақ кестесін әзірлеу кезінде міндетті оқу сабақтары мен қосымша сабақтардың арақатынасы да ескеріледі. Кесте оқушыға түсетін жалпы оқу жүктемесінің санитариялық нормалардан асып кетпеуін қамтамасыз етуі қажет.

Фото: pixabay.com.
Жалпы білім беретін мектептерде сабақтың ұзақтығы 45 минуттан аспайды.
Мектепалды сыныптарда сабақ саны төрт сабақтан аспауы тиіс, ал сабақтардың ұзақтығы 25–30 минут болып белгіленеді. Мұндай сабақтардың арасындағы үзіліс кемінде 10 минут болуы керек.
Бірінші сынып оқушылары үшін оқу процесін ұйымдастыруда олардың жас және физиологиялық ерекшеліктері ескеріледі.
Сабақ арасындағы үзілістер білім алушылардың демалуына, қозғалуына және қажет болған жағдайда тамақтануына мүмкіндік береді. Сондықтан үзілістерді дұрыс ұйымдастыру оқу процесінің маңызды бөлігі болып табылады.
Үзіліс кезінде оқушылардың таза ауада қозғалыс белсенділігін арттыруға жағдай жасау олардың шаршауын азайтуға ықпал етеді.
Қазіргі білім беру процесінде компьютерлер, планшеттер және басқа да цифрлық құрылғылар кеңінен қолданылады. Осыған байланысты экран алдында үздіксіз жұмыс істеу ұзақтығына да санитариялық талаптар қойылады.
Қолданыстағы санитариялық қағидаларға сәйкес бейнетерминалдармен, дербес компьютерлермен, планшеттермен және ноутбуктермен үздіксіз жұмыс істеу уақыты білім алушының сыныбына қарай шектеледі:
- мектепалды және 1-сыныптарда – 15 минуттан аспайды;
- 2–3-сыныптарда – 20 минуттан аспайды;
- 4–8-сыныптарда – 25 минуттан аспайды;
- 9–11 (12)-сыныптарда – 30 минуттан аспайды.
Бұл талаптар оқушылардың көру мүшелеріне түсетін жүктемені азайтуға және ұзақ уақыт экран алдында отырудың жағымсыз әсерлерінің алдын алуға бағытталған.
Сабақ кестесін тиімді ұйымдастыру – денсаулық кепілі.
Сабақ кестесін дұрыс құру тек оқу процесін реттеу құралы ғана емес, сонымен қатар білім алушылардың денсаулығын сақтаудың маңызды факторы болып табылады.Санитариялық талаптарды сақтау арқылы білім беру ұйымы:
- оқушылардың шамадан тыс шаршауының алдын алады;
- оқу жүктемесін тиімді бөледі;
- балалардың жұмыс қабілетін сақтауға жағдай жасайды;
- денсаулыққа қолайлы оқу ортасын қалыптастырады;
- білім беру процесінің сапасы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Осыған байланысты білім беру ұйымдарында сабақ кестесін әзірлеу кезінде қолданыстағы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды басшылыққа алу және нормативтік құжаттарға енгізілген өзгерістерді тұрақты түрде қадағалау маңызды.
Спикер: Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы - Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қасымхан Алпысбайұлы