Ресейде астық мол, бірақ оны алатын нарық қалмай барады

Ресейде астық мол, бірақ оны алатын нарық қалмай барады

фото: https://pixabay.com

Көрші елде кесірі келесі жылға дейін ұласуы мүмкін аса күрделі дағдарыс күшейіп келеді. Қамба астыққа толы, алайда сыртқа тасымалдау жолдары жабық. Солтүстік көршінің екінші ірі аграрлық өңірі әлемдік нарыққа астығын өткізе алмай, төтенше жағдай режимін енгізді.

Кубаньда экспорттық коллапс басталды

Осы аптада, 23 қыркүйекте Ресейдің ең ірі ауыл шаруашылығы аймағы – Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьев өңірлік деңгейде төтенше жағдай (ТЖ) режимін енгізу туралы қаулыға қол қойды. Бұл ретте ТЖ режимі өткен шақты қамтиды: яғни, 2026 жылдың 12 тамызынан басталады.

Украина дрондарының үстемелеткен сұрапыл шабуылдарынан Ресейдің негізгі порттарының жұмысы дағдарып қалды. Азов және Қара теңіз айдыны майдан даласына айналды.

Бұл логистикалық блокаданың салдарынан, миллиондаған тонна биылғы астық пен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері жаһандық нарыққа жете алмай, ел ішінде қалып қойды. Бұл барлық экспорттық тізбекке қатер төндіріп тұр.

"Логистикалық инфрақұрылым нысандарына жасалған жаппай дрондар шабуылы, порттардың жұмысының тоқтатылуы және Азов, Қара теңіздерінің айдынындағы кеме қатынасының бұзылуы салдарынан Краснодар өлкесінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің едәуір көлемін сату мүмкіндігі қалмады. Бұл ішкі астық нарығының шамадан тыс артық өнімге молығуына әкеп соқты", – делінген қаулыда.

Құжатта жергілікті билік халықтың тіршілігіне залал келгелі тұрғанын, ауыл шаруашылығы саласы шығынға батып жатқанын ескертеді. Краснодар өлкесі (Кубань) тарихи және ресми түрде Ресейдің басты астық қоймасы, асыраушысы деп аталады. Өлке әлемдегі ең құнарлы топырақтардың біріне ие. Оның үстіне жұмсақ климат дәнді дақылдарды, әсіресе бидай мен жүгеріні, майлы дақылдар мен қант қызылшасын орасан зор көлемде өсіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Кубань елдегі астық жинау көлемі бойынша тұрақты түрде көшбасшылар қатарына кіріп, тек ішкі нарықтың ғана емес, сонымен қатар Ресейдің аграрлық экспортының едәуір бөлігін қамтамасыз етеді. Сондықтан Кубань логистикасындағы, порттардағы немесе көлік саласындағы кез келген күйзелістер бүкіл Ресейдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық позициясына соққы береді.

Краснодар өлкесіне Ресей астық өнімінің шамамен 10%-ы, қант қызылшасы өнімінің 14%-ы, жүзім мен алманың үштен бірінен астамы тиесілі. 2026 жылы жергілікті аграршылар 13,6 млн тонна астық жинауды жоспарлаған еді: бұл өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға артық. "Коммерсантъ" жазуынша, қыркүйек айының соңына қарай небары 10,62 млн тонна дәнді және бұршақ дақылдары бастырылған. Бидайдың 9,3 млн тоннасы ғана жиналды.

Бұдан бұрын, тамыз айында украиналық дрондардың соққысынан Қара теңіздегі басты астық порттары жұмысын тоқтатты. Бір ай бұрын шабуылдар салдарынан Азов теңізінің терминалдары істен шықты. Бұған қоса, биліктің өзі "Қырым көпірін" қорғап қалу үшін Керчь бұғазы арқылы кеме қатынасын уақытша доғарды. Осыдан кейін астық бойынша Ресейде бірінші орынды алатын Ростов облысы бірінші болып, ТЖ режимін жариялады.

Ресейлік бидай әлемдік нарықтан айырылуда

РФ-тың оңтүстік порттары арқылы жыл сайын шамамен 60 млн тонна жергілікті дәнді дақылдар әлемдік нарыққа жол тартатын. Биыл ол қарқын бірнеше есе құлдырады. Биылғы егін негізінен жиналды, астық қоймаларда жатыр, бірақ экспорттық тізбек іс жүзінде күйреді.

Ресей астық одағы бидай экспортының күрт төмендегенін растады. Қыркүйектің екінші онкүндігінде РФ экспортқа бар болғаны 347 мың тонна бидай жөнелтті. Салыстырғанда, өткен жылы 1,3 млн тонна болған. Тасымалдау шамамен төрт есе қысқарды.

Ай басталғалы бері барлық дәнді дақылдар түрлерінің жиынтық экспорты 381 мың тоннаны құрады. Былтырғы қыркүйектің екі аптасында 1,6 млн тоннаға жуықтаған еді.

Ресей астық одағының болжамынша, дағдарыс кесірінен биылғы қыркүйек айының қорытындысында бидай экспорты "1 млн тонна шамасында ғана болады, одан асуы мүмкін", деп жазды Interfax.ru. Өткен жылғы қыркүйекте дүниежүзілік нарыққа 5,7 млн тоннаға дейін бидай тасып үлгеріп еді. 

Ресейдің сыртқы сауда картасында түбегейлі өзгерістер орын алуда: агроэкспорт географиясы сұрапыл қарқынмен тарылып жатыр. Егер бір жыл бұрын қыркүйектің екінші онкүндігінде ресейлік бидайды 29 мемлекет сатып алса, биыл бар-жоғы сегізі ғана қалған: бірден 3,6 есеге азайып кетті.

Дәстүрлі сатып алушылар ресейлік өнімнен аттонын ала қашып, іргесін аулақ салуда. Мысалы, бұрын жүздеген мың тонна астықты ханталапайлап жанталаса әкететін Түркия бұл жолы небары 6,1 мың тоннасын сатып алды. Өткен жылы он күн ішінде 200 мың тоннасын тасып әкеткен екен.

Мысыр, Кения, Йемен және Нигерия сияқты халқы көп елдер импорттауды жалғастырған, алайда олардың сатып алған ресейлік астықтың көлемі тек ондаған мың тоннамен ғана өлшенеді. Яғни, 30 мыңнан 81 мың тоннаға дейінгі аралықта.

Тек Мәскеудің "жан дегенде жалғыз досы" Иран ғана астық импортын еселеп арттырды: бір жыл бұрынғы 1 мың тоннадан енді 28,6 мың тоннаға дейін күрт ұлғайтып отыр. Бірақ бұл "мыңдаған" тонна, миллиондаған емес: Тегеран РФ серіктесінің жоғалтқан нарықтарын өтеуге қауқарсыз.

Ресей фермерлері келесі егіс көлемін қысқартуда

Тек сұраныс қана емес, тасымалдау картасы да өзгеруде. Қыркүйектің екінші онкүндігінде астық бір жыл бұрынғы 35 порттың орнына небәрі 9 порт арқылы жөнелтілді.

Высоцк (135 мың тонна) және Усть-Луга (85 мың тонна) арқылы астықтың айтарлықтай көлемі өтті. Новороссийск арқылы қайта тиеу 9,6 есеге – 72,5 мың тоннаға дейін құлады. Туапсе арқылы экспорт 9,3 есеге – 6,1 мың тоннаға дейін қысқарды. Азов пен Тамань арқылы жөнелту мүлде жүзеге аспаған.

Сасқан Мәскеу басқа жүктер мен тауарларға бағытталған терминалдарын астық экспортына бейімдеуге кірісті. Тұңғыш рет 40 мың тонна астық өнімі Солтүстік Мұзды мұхит арқылы экспортқа жіберілді. Бірақ таяуда бұл бағытты қалың мұз жабады. Атомдық мұзжарғыштар жол бастамаса, жай кеме алысқа ұзамайды.

Осылайша, баламалы бағыттар әзірге күйреген порттардың орнын толтыра алар емес. Ростов фермерлерінің Ростов облысының губернаторы Юрий Слюсарьға жолдаған үндеуінде жаңа бағыттар бұрын Тамань мен Новороссийск арқылы тасымалданған көлемнің тек 10%-ын ғана "жабатыны" атап көрсетілген. Аграршылар жаппай банкрот болу қарсаңында тұрғанын айтып, дабыл қағуда.

Экспорттық арна тарылса, қысым ішкі нарыққа ауысады. Ресей астық одағының мәліметінше, өндірушілердегі бидай бағасы қыркүйектің екінші онкүндігінде 100 рублге құлап, тоннасына 8,9 мың рублді (105 доллардай) құрады.

Астық одағының аналитикалық департаментінің директоры Елена Тюринаның түсіндіруінше, қыркүйек айында мұнша төмен баға соңғы сегіз жылдан бері алғаш рет тіркелуде: мысалы, 2025 жылдың қыркүйегінде баға тоннасына 129 доллар болған еді.

"СовЭкон" компаниясы ахуалды одан да нашар бағалады: қазіргі баға өндірушілердің шығынын да өтемейді: 20–30%-ға төмен.

"Аграршылар Қара теңіздегі экспортқа қойылған шектеулер салдарынан үлкен қаржылық қиындықтарға тап болды. Маусым айынан бері бидайдың ішкі нарықтағы бағасы шамамен 40%-ға құлады. Бүгінде шығынды өтеу шегінен 20–30%-ға төмен! Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерін күздік бидай егу көлемін қысқартуға мәжбүр етуде", – деді "Совэкон" бас директоры Андрей Сизов.

Астық көп, ақша жоқ: дағдарыс келесі егінге ауысуда

Осы жерде нарықтық басты қатер бас көтерді. Өйткені фермерге тек жиналған өнімді тасымалдап, сақтап, өткізу үшін ғана емес, басқа да қажеттіліктер үшін де ақша керек.

Қыркүйек айының соңында қыс бойы қар астында өнетін күздік бидайды егу басталды. Сонымен бірге ресейлік диқандардың жаңа "шығындар циклі" басталды: тұқым, дизель, тыңайтқыштар, техника алу не жөндеу, жалақы төлеу, банктерден алған несиеге қызмет көрсету.

"СовЭкон" бағалауынша, қыркүйектің соңында Ресейде күздік дақылдарды егу алаңы бар-жоғы 6,1 млн гектарды құрады: бұл соңғы 13 жылдағы, 2013 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш! Фермерлердің төрттен бірі күздік бидай себу жоспарынан бас тартты. Тағы үштен бірі егістік алқаптарын қысқартуға дайындалып жатыр.

Осылай солтүстік көршіде дағдарыстың келесі кезеңі басталуда. Алдымен экспорт күйреді, содан кейін баға құлады, одан кейін айналым қаражаттарының тапшылығы туындады. Келесі буын – болашақ өндірісті қысқарту болып табылады.

Қыркүйектің соңында жарияланған РФ Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Ресейде шамамен 90 млн тонна бидайды қоса алғанда, 120 млн тоннаға жуық дәнді және бұршақ дақылдары жиналды. Астықтың ақырғы көлемі биыл 142 миллион тоннаға жетеді деп болжанып еді. Жетуі де мүмкін, бірақ одан мән қалмай барады. Ресейлік егіншілердің бір бөлігі шығыны табысынан еселеп асып түсетінін түсініп, шыққан егінін жинаудан бас тартты, оны алқапта қалдырды.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите