Қазақстанда жасанды интеллектіні ғылымның жаңа мүмкіндіктерін ашатын құрал ретінде пайдалануға бағытталған маңызды бастама қолға алынбақ. 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы «Qazaqstan AI for Science» бастамасын таныстырады.
Жаңа жоба ғылыми зерттеудің дәстүрлі шеңберін кеңейтіп, мәселені айқындау мен зерттеу жоспарын құрудан бастап, тәжірибе жүргізу, нәтижені тексеру, оны өндіріске енгізу және тиімділігін бағалауға дейінгі толық ғылыми циклді қамтитын жаңа тәсілді ұсынады.
Бүгінде жасанды интеллект үлкен көлемдегі деректерді талдап қана қоймай, ғылымдағы білім олқылықтарын анықтауға, жаңа гипотезалар мен эксперимент нұсқаларын ұсынуға, зерттеу жоспарын оңтайландыруға және ғылыми жұмыстың барысын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде зерттеудің мазмұнына ғана емес, оны ұйымдастыру жүйесіне де жаңа талаптар қояды.
«Qazaqstan AI for Science» парадигмасының басты ерекшелігі – жасанды интеллект адамды алмастырмайды. Керісінше, зерттеушінің мүмкіндігін кеңейтіп, ғылыми ізденістің жаңа деңгейіне жол ашады. Адам зерттеудің мақсатын, мәселені, шектеулерді және нәтижелердің сенімділік өлшемдерін айқындайды. Ал жасанды интеллект гипотезалар мен модельдерді қалыптастыруға, оларды талдауға және түрлі шешімдерді салыстыруға көмектеседі.
Бұл үдерісте зерттеу жоспары әдістерді, деректерді, қажетті құзыреттерді, инфрақұрылымды, мерзімдер мен ресурстарды өзара байланыстырады. Ал эксперимент, тәуелсіз валидация және нәтижелерді бақылау ғылыми қорытындылардың сенімді әрі қайта өндірілуіне мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижесі тәжірибеге енгізілгеннен кейін оның тиімділігі бағаланып, жаңа деректер келесі ғылыми циклдің бастауына айналады.
Жаңа экожүйенің өзегінде адам мен оның жауапкершілігі тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «ЖИ адамның ақылға қонымды әрі білікті басқаруында қалуға тиіс». Яғни жасанды интеллект түрлі нұсқаларды ұсына алады, алайда соңғы ғылыми қорытындыны зерттеуші бекітеді, ал оны іс жүзінде қолдану туралы шешімді уәкілетті тұлға қабылдайды.
Бастама аясында міндеттерді, деректерді, жасанды интеллект модельдерін, ғылыми кадрлар мен құзыреттерді, есептеу қуатын, зертханаларды және алынған нәтижелерді бақылау жүйесін біріктіретін үлестірілген экожүйе қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл ретте әр ресурс иесі өз активтерін бақылау құқығын сақтайды. Ал экожүйеге қатысушылар сапа, қауіпсіздік және ғылыми нәтижелердің қайта өндірілуіне қатысты ортақ талаптар негізінде жұмыс істейді.
Сессия барысында адам мен жасанды интеллектінің бірлескен ғылыми ізденісі, тексерілетін гипотезалар әзірлеу, зерттеуді жоспарлау, ғылыми жұмыстың орындалуын бақылау, тәуелсіз валидация және нәтижелердің тиімділігін бағалау мәселелері талқыланады.
Сонымен қатар DeepBAS кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект жүйесі, су ресурстарын басқару, Smart City, медициналық аналитика және робототехника бағыттарындағы жобаларға ерекше назар аударылады.
Халықаралық блокта Қытай ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының шетелдік мүшесі, CBAS бас директоры Гуо Хуадун және DeepBAS кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект жүйесінің бас архитекторы, профессор Чэнь Си сөз сөйлейді.
Жиынға бейінді министрліктер мен мемлекеттік органдардың өкілдері, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жетекші ғалымдар, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының, ұлттық компаниялар мен технологиялық бизнес өкілдері қатысады. Қазақстандық ғылыми командалар кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект, қалалық деректер, медицина, су ресурстары және робототехника салаларындағы өз әзірлемелерін таныстырады.
Іс-шара барысында ғылыми әзірлемелер мен инновациялық технологиялардың көрмесі де ұйымдастырылады. Онда отандық зерттеулердің нәтижелері, дайын ғылыми-техникалық өнімдер және жасанды интеллект көмегімен әзірленген болашақ шешімдер көпшілік назарына ұсынылады.
Әсіресе жасанды интеллект технологияларын өнеркәсіпке, қалалық ортаны орнықты дамытуға, медицинаға, су ресурстарын басқаруға және робототехникаға енгізудің нақты жолдары көрсетілмек. Бұл – ғылыми идеяның зертхана қабырғасында қалып қоймай, нақты өндіріске, қала өміріне және әлеуметтік салаларға еніп, экономикалық әрі қоғамдық тиімділік әкелуін көрсетуге бағытталған қадам.
Сессия қорытындысында «Qazaqstan AI for Science» экожүйесінің негізгі қағидаттарын айқындап, толық ғылыми циклді сынақтан өткізуге арналған алғашқы пилоттық жобаларды белгілеу жоспарланған.