Ел азаматтары аты-жөнін неше рет өзгерте алады

Ел азаматтары аты-жөнін неше рет өзгерте алады

фото: Сапалы Қазақстан

 Қазақстан заңнамасында азаматтың атын, әкесінің атын және тегін қанша рет өзгерте алатынына нақты сандық шектеу қойылмаған. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заңгерлік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Диас Шәріпбай айтты.

Ведомствоның түсіндіруінше, аты-жөнін ауыстыруға 16 жасқа толған азамат жеке өзі өтініш бере алады, деп жазды kaz.inform.kz. Алайда оны тек қалауына қарай, ешбір негізсіз өзгертуге болмайды. Әр өтініш жеке қаралып, заңда көзделген дәлелді себептің бар-жоғы тексеріледі.

– «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 257-бабында мұндай 13 себеп белгіленген. Олардың қатарында атының, әкесінің атының немесе тегінің оғаш естілуі не айтуға қиын болуы, ата-анасының бірінің ұлтына сәйкес келетін атты немесе текті алғысы келуі, сондай-ақ құжаттағы атынан өзгеше, өмірде нақты қалыптасқан атын ресми түрде алғысы келуі бар, - дейді төраға орынбасары.

Сонымен бірге еліміздің азаматы аты-жөнінің бір бөлігін ғана емес, бірнеше бөлігін қатар өзгерту туралы өтініш бере алады. Мысалы, тегін, атын және әкесінің атын бір мезгілде ауыстыруға болады. Бірақ мұндай жағдайда да өтініш заңда белгіленген негіздердің біріне сәйкес келуі қажет.

Осылайша, бір адамның аты-жөнін бірнеше рет өзгертуіне тікелей тыйым салынбағанымен, әрбір жаңа өтініш бойынша өзгертуге заңды негіз болуы шарт.

Аты-жөнін ауыстырған адамның ЖСН-і өзгере ме

 

 Қазақстанда азамат аты-жөнін өзгерткен жағдайда оның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) өзгермейді. Диас Шәріпбайдың түсіндіруінше, сәйкестендіру нөмірі азаматтық хал актілерін тіркеу және жеке басын куәландыратын құжаттарды беру кезінде беріледі.

– Азаматқа жаңа құжат берілген сайын ЖСН қайта берілмейді, яғни аты-жөнін өзгертіп, құжаттарын жаңартқан жағдайда да бұрынғы ЖСН-і сақталады. Тек бала асырап алу және ЖСН-ді есептеу кезінде қате кеткен жекелеген жағдайларда ғана жаңа нөмір берілуі мүмкін. Осылайша, азамат атын, тегін немесе әкесінің атын өзгерткеннен кейін де мемлекеттік цифрлық жүйелерде бұрынғы ЖСН-і арқылы сәйкестендіріледі, -деді төраға орынбасары.

Оның мәліметінше, аты-жөні өзгерген кезде мемлекеттік цифрлық жүйелердегі деректер жаңа мәліметтерге сәйкес жаңартылады. Сонымен бірге бұрынғы және қазіргі деректердің өзгеру тарихы сақталып, олардың өзара байланысы қамтамасыз етіледі.

Осылайша, азамат аты-жөнін бірнеше рет өзгерткен жағдайда да бұрынғы және қазіргі деректерінің бір адамға тиесілі екені ЖСН мен деректердің өзгеру тарихы арқылы анықталатын болады.

 

Ақпарат kaz.inform.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите