Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күні өз мәресіне жетті.
Қазақстан құрамасы бүгін табысты өнер көрсетіп, спортшыларымыз ел қоржынына бірден төрт алтын және екі қола медаль сыйлады, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Ең әуелі, Қазақстандық триатлоншы Арлан Жаңабай мәреге үшінші болып жетіп, алғашқы жүлдеге қол жеткіздік.
Фото: Арлан Олжабай
Жарыс нәтижесі бойынша І орынды жапондық Такауми Ходжо (52:56) иеленсе, ІІ орын Қытай спортшысы Чжан Сюжуйға (53:05) бұйырды. Ал отандасымыз Арлан Жанабай 53:11 көрсеткішімен ІІІ орын мінберінен көрінді.
Осыдан кейін қазақстандық велоспортшы Рината Сұлтанова әйелдер арасында жекелей сында 36 минут 23.72 секунд нәтиже көрсетіп, Азиада чемпионы атанды.
Фото: Владислав Семенов
Айта кетерлігі, бұл Қазақстан құрамасының осы Азия ойындарындағы алғашқы алтын медалі болатын.
Іле-шала жарыс жолына шыққан Алексей Луценко ерлер арасында жекелей сында 41 минут 24.05 секунд нәтиже көрсетіп, мәре сызығын бірінші болып кесті.
Фото: Владислав Семенов
Бұл жеңістен кейін Алексей Луценко жазғы Азия ойындарында бес дүркін чемпион атанды. Ол осыған дейін Инчхон (2014жыл), Джакарта (2018 жыл) және Ханчжоу (2023 жыл) Азия ойындарында төрт алтын медаль жеңіп алған болатын.
Сонымен қатар Қазақстан ерлер құрамасы қазіргі бессайыстан қола жүлде жеңіп алды.
Фото: Туризм және спорт министрлігі
Командалық есепте Қазақстан құрамасы үздік үштікті түйіндеп, Азия ойындарының қола жүлдесін жеңіп алды. Алтын медаль Қытай құрамасына бұйырса, Оңтүстік Корея екінші орын алды.
Қазақстан құрамасы каратэ спортынанда табысты өнер көрсетіп, бірден екі алтын медаль еншіледі.
Қазақстандық каратэші Жоламан Биғабыл кумитэ бағдарламасы бойынша 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында Өзбекстан өкілі Х.Халимовты 9:1 есебімен қапы қалдырды.
Фото: Арлан Олжабай
Ал Софья Берульцева Қазақстан қоржынына Азиаданың төртінші алтынын салды. Отандасымыз кумитэ бағдарламасы бойынша 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді.
Фото: Арлан Олжабай
Осылайша, Қазақстан делегациясы 4 алтын және 2 қола медаль еншілеп, жалпы есепте төртінші орыннан көрінді. Қытай (11 алтын, 6 күміс, 3 қола) және Жапон (6 алтын, 7 күміс, 7 қола) құрамасы 20 жүлдемен көш бастаса, Оңтүстік Корея құрамасы 14 жүлдемен (4 алтын, 3 күміс, 7 қола) үздік үштікті түйіндеді.
Сондай-ақ қазақстандық спортшылар бүгін суға жүзу, гандбол, ММА, жағажай волейболы, нысана көздеу және ушу спортынан жарыс жолына шықты.
Материал ҚазАқпарат агенттігінен алынды.