1 қыркүйектен бастап шетелде паспорт рәсімдеу тәртібіне өзгерістер енгізіледі.
Жаңа ережеге сәйкес, Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұратындар, оқитындар немесе еңбек ететін азаматтар паспортты елшілік пен консулдық сияқты шетелдегі мекемелер арқылы рәсімдей алады. Сондай-ақ олардың отбасы мүшелері, шетелде туған кәмелетке толмаған балалар және кейбір әлеуметтік жағдайдағы азаматтар да осы мүмкіндікке ие болады.
Паспорт алу үшін өтінішпен бірге қажетті құжаттар тапсырылады. Олардың қатарында қолданыстағы паспорт, төрт түсті фотосурет және шетелде тұру, оқу немесе жұмыс істеу жағдайын растайтын құжат бар. Балалар үшін туу туралы куәлік пен ата-анасының немесе заңды өкілінің құжаттары қажет. Кей жағдайда шетелдік құжаттарды заңдастыру немесе апостиль қою талап етілуі мүмкін.
Құжаттарды рәсімдеу мерзімі шетелдегі мекеменің арнайы цифрлық жүйеге қолжетімділігіне байланысты. Жүйе жұмыс істейтін болса, паспорт 40 жұмыс күні ішінде, ал техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда 90 күнтізбелік күнге дейін дайындалады. Сондықтан құжат жинамас бұрын нақты консулдық мекемеден талаптарды алдын ала анықтап алған жөн.
Жаңа тәртіпте құжаттардың Қазақстанға жеткізілу жолы да нақты көрсетілген. Шетелдегі мекеме қабылданған құжаттарды дипломатиялық пошта арқылы Сыртқы істер министрлігіне, одан әрі Ішкі істер министрлігіне жолдайды. Қазақстанда құжаттар тексеріліп, паспорт дайындалған соң қайтадан шетелдегі мекемеге жіберіледі. Дайын құжат келгені туралы азаматқа хабар беріледі.
Паспортты рәсімдеуге барғанда қабылдау уақытына да назар аудару қажет. Құжаттар негізінен жұмыс күндері қабылданады, ал сәрсенбіде қабылдау жүргізілмейді. Қажетті талаптар орындалмаса, құжаттар толықтырылып, кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беріледі. Ал белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда паспорт беруден бас тартылуы мүмкін.
Тағы бір маңызды жайт – жаңа ереже алғаш рет паспорт алатын, он төрт жасқа толмаған және жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ балаларға қатысты рәсімді де қамтиды. Дайын паспорт бір жыл бойы сақталады, одан кейін алынбаса, жою үшін Қазақстанға жіберіледі. Шетелдегі ағайынға арналған бұл жаңа тәртіп 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Сондықтан паспорт рәсімдеуді жоспарлаған азаматтарға құжат талаптары мен қабылдау тәртібін алдын ала нақтылап алған дұрыс.