Түрме 1040 орынға есептелген.
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында түрме ғимаратының құрылысы басталды. Naked Science басылымының хабарлауынша, Манхэттенде бой көтеретін бұл нысан атышулы Райкерс аралындағы түрме кешенін алмастыратын төрт жаңа мекеменің бірі болмақ.
Нью-Йорк Дизайн және құрылыс департаментінің (DDC) мәліметінше, 13 қабатты ғимараттың биіктігі 102 метрге жетеді. Ол биіктігі жағынан іргелес орналасқан округтік қылмыстық сот ғимаратымен шамалас. Жоба толық жүзеге асса, Manhattan Detention Facility әлемдегі ең биік түрме мекемесіне айналады. Оған қазірдің өзінде "аспанмен таласқан түрме" деген бейресми атау берілді.
Сәулеттік шешімге сәйкес, ғимараттың төменгі бөлігі жаяу жүргіншілерге арналған өткелмен екіге бөлінеді. Ал сыртқы фасады толқын тәрізді қызғылт торлы панельдермен қапталады. Ортаңғы қабаттарда екі қабатты арнайы фасадтық жүйе орнатылады. Бұл қамауда отырғандар үшін серуендеу және демалыс аймағы ретінде пайдаланылмақ.
Камералар ғимараттың жоғарғы қабаттарына орналастырылады. Ал бірінші қабатында қоғамдық фойе, сауда орындары мен қызметкерлерге арналған жеке вестибюль болады. Жерасты қабаты полиция мен түзеу мекемесі қызметкерлерінің автотұрағына арналған.
Жалпы сыйымдылығы 1040 орынға есептелген түрменің құрылысын 2032 жылы толық аяқтау жоспарланған.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz