Бұл мемлекет айына шамамен 1 миллион қап кофе экспорттайды.
Колумбияда болған жер сілкінісі елдің негізгі порты – Буэнавентураның жұмысына кедергі келтіріп, бірқатар автожол жабылды. Осыған байланысты кофе экспортының басым бөлігі тоқтады. Бұл туралы Bloomberg агенттігіне Asoexport Колумбияның кофе экспорттаушылар қауымдастығының басшысы Густаво Гомес айтты.
"Қазір кофе өндірісі тоқтап тұр. Кейбір жекелеген операциялар жүргізілуі мүмкін, алайда кофе экспорты тоқтатылды. Жолдардың қашан толық ашылатыны әзірге белгісіз. Бұл туралы ресми ақпарат жоқ", – деді Гомес.
Зілзала болған аймаққа жақын орналасқан өңірде көлік компаниялары мен кофе өңдейтін кәсіпорындардың шоғырлануы жағдайды одан әрі қиындатып отыр. Кофе өнімі елдің оңтүстігіндегі Каука, Нариньо, Валье-дель-Каука және Уила өңірлерінде жиналған. Оның айтарлықтай бөлігі әдетте Буэнавентура порты арқылы экспортталатын.
"Өңдеу кәсіпорындары келтірілген шығынды есептеп жатыр. Әзірге кофе фабрикаларына елеулі зақым келгені туралы ақпарат жоқ. Бірақ та, электр қуатының үзілуі, байланыс мәселелері және қызметкерлердің жеке жағдайына байланысты өндіріс жұмысы бұзылды. Үйлерінен айырылған адамдар да бар", – деді Колумбияның кофе экспорттаушылар қауымдастығының басшысы.
Порттар мен жолдар қайта ашылғаннан кейін жиналып қалған кофе көлемі көлік кептелісіне және кідірістерге себеп болуы мүмкін. Bloomberg мәліметінше, Колумбия айына шамамен 1 миллион қап кофе экспорттайды. Сондықтан жұмыстың әрбір тоқтаған күні ірі көлемдегі кофе партияларын жөнелтуге кедергі келтіреді.
10 тамызда Колумбияда магнитудасы 7,4 болатын жойқын жер сілкінісі болды. Ел үкіметі ұлттық деңгейде төтенше жағдай жариялады. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, табиғи апат Сан-Хосе-дель-Пальмар қаласына жақын жерде 107 шақырым тереңдікте тіркелген. Ел астанасы Боготада, сондай-ақ Попаян, Манисалес және басқа да қалаларда дүмпулер сезілді.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz