Байытылған ұнның пайдасы жайлы не білеміз?

Байытылған ұнның пайдасы жайлы не білеміз?

фото: pixabay.com

Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынады

 

Байытылған ұн жайлы нені білу керек?

Байытылған "фортификацияланған) ұн – халық денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды профилактикалық шаралардың бірі. Бұл - жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұнына адам ағзасына қажетті дәрумендер мен минералдарды (темір, фолий қышқылы, В тобының дәрумендері және басқа да микроэлементтерді) арнайы мөлшерде қосу процесі. 

Ұнды өңдеу кезінде оның құрамындағы табиғи дәрумендер мен минералдардың едәуір бөлігі жойылады. Осыған байланысты ұнды байыту оның тағамдық құндылығын арттырып, халық арасында темір тапшылығы анемиясының және дәрумендер мен минералдар жетіспеушілігінің алдын алуға мүмкіндік береді.

 Фортификацияланған ұнды тұтыну:

 - ағзаны қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етеді;

 - иммундық жүйенің қалыпты жұмысын қолдайды;

 - балалардың дұрыс өсіп-жетілуіне ықпал етеді;

 - жүкті әйелдерде ұрықтың жүйке түтігі ақауларының алдын алуда маңызды рөл атқарады.

Ұнды байыту - ұн тарту кезінде ұнға аз мөлшерде дәрумендер мен минералдар кешенін (премикс) қосу процесі, бұл өнімнің сапасы мен тағамдық құндылығын жақсартады.

 Қазақстан Республикасында жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұнын фортификациялау қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Ұн өндіруші кәсіпорындар ұнға арнайы витаминді-минералды қоспаларды белгіленген нормаларға сай енгізуге міндетті. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына мемлекеттік бақылау жүргізіп, зертханалық зерттеулер арқылы оның белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді.

Фото: pexels.com.

 Көпшілік арасында фортификацияланған ұнның қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар жиі туындайды. Айта кету керек, ұнды байыту кезінде қолданылатын дәрумендер мен минералдардың мөлшері ғылыми негізделген және адам денсаулығына қауіпсіз болып табылады. Сонымен қатар олар ұнның дәміне, иісіне және нан өнімдерінің сапасына әсер етпейді.

 Тұтынушылар ұн мен ұн өнімдерін сатып алу кезінде қаптаманың бүтіндігіне, сақтау мерзіміне және өнімнің таңбалануына назар аударғаны жөн. Өнімдерді сенімді сауда орындарынан сатып алу – сапалы әрі қауіпсіз тағам тұтынудың кепілі. 

Ұн фортификациясы - бұл жай ғана технологиялық процесс емес, халық денсаулығын сақтауға бағытталған тиімді мемлекеттік профилактикалық шара, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру және сапалы өнімдерді таңдау – әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігінің көрінісі.

 

Спикер:  Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Калыкова Асель Токановна  

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите