Apple жанкүйерлерін бірнеше жаңа өніммен таңғалдыруға дайындалып жатыр. Олардың бастысы жаңа iPhone 18 Pro және Pro Max үлгілерімен қатар шығатын компанияның алғашқы жиналмалы iPhone-ы болуы мүмкін. Tengri Life алдағы құрылғылар туралы не белгілі екенін және бағасы қанша болуы мүмкін екенін баяндайды.
Apple таныстырылымы қашан өтеді
Bloomberg сарапшысы Марк Гурманның мәліметінше, Apple таныстырылымы 9 қыркүйекте өтуі мүмкін. Бұл ретте компания іс-шараның өтетін күнін де, орнын да әзірге ресми түрде растаған жоқ.
Биыл Apple смартфондардың шығу кестесін өзгертуі мүмкін. Күзгі таныстырылымда iPhone 18 желісінің барлығы емес, тек үш үлгісі көрсетіледі деп болжанып отыр:
- iPhone 18 Pro;
- iPhone 18 Pro Max;
- алғашқы жиналмалы iPhone.
Кәдімгі iPhone 18 смартфоны 2027 жылдың көктемінде таныстырылады деп күтіледі. Сол кезде iPhone 18e немесе iPhone Air 2 үлгілері де шығуы мүмкін.
iPhone 18 Pro мен Pro Max-та не өзгереді?
Инсайдерлердің мәліметінше, Apple Pro-үлгілердің дизайнын түбегейлі өзгертуді жоспарлап отырған жоқ. Дисплей өлшемі бұрынғыша қалады деп күтіледі: iPhone 18 Pro - 6,3 дюйм және Pro Max - 6,9 дюйм.
Бұл ретте компания Dynamic Island өлшемін шамамен үштен бірге кішірейтуі мүмкін. Осының арқасында экранның жоғарғы бөлігіндегі ойық азырақ байқалатын болады.
Инсайдерлердің ақпаратына қарағанда, негізгі өзгерістер техникалық сипатта болады:
- жаңа 2 нанометрлік A20 Pro процессоры;
- 12 гигабайт жедел жады;
- сыйымдылығы артқан аккумулятор және жақсартылған салқындату жүйесі;
- камерадағы айнымалы диафрагма (пайдаланушы камераға қаншалықты жарық түсетінін жақсырақ бақылай алады);
- жаңа сенсорлар және жақсартылған зум.
Түстер палитрасы да өзгереді. Алдын ала мәлімет бойынша, iPhone 18 Pro мен Pro Max қою шие, ашық көгілдір, күміс түсті және қою сұр түстерде шығарылуы мүмкін.
Алғашқы жиналмалы iPhone
Таныстырылымның басты жаңалығы Apple-дың алғашқы жиналмалы смартфоны болуы мүмкін. Инсайдерлер арасында ол iPhone Fold немесе iPhone Ultra деген атауға ие болды.
Құрылғы кітап принципі бойынша жиналады деп күтіледі. Жабық күйінде сыртқы экранның диагоналі шамамен 5,5 дюйм болуы мүмкін, ал ашылғаннан кейін пайдаланушы шамамен 7,8 дюймдік дисплейге ие болады.
Бұл ретте смартфон өте жұқа болады деп жоспарланып отыр: ашылған күйде оның қалыңдығы шамамен 4,5–4,7 миллиметрді құрауы мүмкін.
Apple үшін басты міндеттердің бірі - ортасындағы бүктелген ізі барынша аз байқалатын топса мен дисплейді әзірлеу болған көрінеді.
Сондай-ақ MacRumors алдағы iPhone Fold сипаттамаларын бөлісті:
- процессор: A20;
- жедел жады: 12 гигабайт;
- аккумулятор: 5400-ден 5800 миллиампер-сағатқа дейін;
- камералар: төрт модуль;
- негізгі камералар: артқы панельдегі екі камера;
- ішкі камера: 24 мегапиксель, экран астына жасырылуы мүмкін;
- сыртқы камера: дисплейдегі шағын ойықта орналасқан фронтальды камера.
Дегенмен, Apple ресми сипаттамаларды әлі жариялаған жоқ.
Желіде құрылғының болжамды дизайны негізінде нейрожелілер жасаған бейнероликтер пайда болды.
Apple тағы қандай құрылғыларды көрсетуі мүмкін?
Таныстырылым тек смартфондармен шектелмеуі ықтимал.
Apple компаниясы Apple Watch Series 12 және Apple Watch Ultra 4 үлгілерін таныстыруы мүмкін. Олардың жылдамырақ процессорлармен және Siri-дің жаңа мүмкіндіктерімен жабдықталатыны айтылады.
Сондай-ақ инсайдерлердің мәліметінше, компания мына өнімдерді әзірлеп жатыр:
- OLED-дисплейі бар iPad mini 8;
- жаңартылған HomePod mini;
- Apple TV 4K-ның жаңа нұсқасы;
- Home Hub - ақылды үйді басқаруға арналған экраны бар құрылғы.
Сонымен қатар Apple HomeKit және болашақ Home Hub жүйесімен жұмыс істей алатын жеке үй камерасын әзірлеп жатқан көрінеді.
Қандай жаңа өнімдерді күтпеген жөн?
Сонымен қатар желіде Apple құрылғыларының жаңа буыны қандай болатыны туралы расталмаған суреттер мен болжамдар танымалдылыққа ие болып жатыр.
Мәселен, жақында AirPods Max Mini кадрлары пайда болды. Алайда қолжетімді дереккөздердің ешқайсысында бұл модель туралы айтылмайды. Сондықтан бұл жанкүйерлердің тұжырымдамасы болуы әбден мүмкін.

Скриншот: Threads
Сондай-ақ желіде iPhone 18-дегі USB-C портын алмастыруы тиіс Mag-Port магниттік қосқышы талқыланды. Бірақ бұл ақпарат та әзірге сенімді дереккөздер немесе Apple тарапынан расталған жоқ.
Жаңа iPhone модельдері қанша тұрады?
Жаңа iPhone бағасы айтарлықтай өсуі мүмкін. MacWorld мәліметі бойынша, бұған деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект нарығы тарапынан сұраныстың артуына байланысты чиптер тапшылығы себеп болуы мүмкін.
Болжамдарға сәйкес, iPhone 18 Pro бағасы 1299 доллардан, ал iPhone 18 Pro Max - 1399 доллардан басталуы мүмкін. Бұл алдыңғы модельдердің бастапқы бағасынан шамамен 200 долларға қымбат.
Инсайдерлердің дерегі рас болса, жиналмалы iPhone-ның құны әлдеқайда жоғары болады:
- 256 гигабайт - шамамен 2320 доллар;
- 512 гигабайт - шамамен 2610 доллар;
- 1 терабайт - шамамен 2900 доллар.
Осылайша, жиналмалы iPhone-ның топ-нұсқасы Apple тарихындағы ең қымбат смартфон атанып, бағасы 3000 долларға жуықтауы мүмкін, бұл қазіргі бағаммен шамамен 1,4 миллион теңге болады.
Бұл бағалардың барлығы әзірге болжам. Apple нақты құнын тек құрылғыларды ресми түрде таныстырған кезде жариялайды.
Әдетте шетелдегі техника бағасының өсуі Қазақстан нарығына да әсер етеді. Бұған дейін жад бағасының өсуі Қазақстандағы Apple құрылғыларының құнына қалай әсер ететінін талдаған болатынбыз: шетелдік сарапшылардың болжамдарын зерттеп, болуы мүмкін сценарийлерді теңгемен есептеп, АҚШ-тағы iPhone бағасы неге тек бағам бойынша конвертациялауға тең емес екенін сарапшыдан білген едік.