Алматының беймәлім келбеті

Алматының беймәлім келбеті

фото: aqshamnews.kz

       Алматы қаласының Мәдениет басқармасы «Аспан таулы Алматы!» атты республикалық бейнеконтент байқауын жариялады. Байқаудың мақсаты – Алматының тарихы мен мәдениетін, сәулеті мен табиғатын, бүгінгі тынысын заманауи әрі тың шығармашылық форматта танытатын таланттарды анықтап, қолдау.

       Байқауға Қазақстанның 18 жастан асқан азаматтары қатыса алады. Кәсібі мен тұрғылықты жеріне шектеу қойылмайды. Ұсынылатын бейнематериал автордың төл туындысы болуы керек. Оның ұзақтығы 30 секундтан 2 минутқа дейін.

       Жеңімпаздарды анықтауда бейненің көркемдік шешімімен қатар, авторлық идеяның ерекшелігі, тақырыпты ашу тәсілі, мазмұн тереңдігі мен визуалды тілі ескеріледі. Яғни Алматыны көпшілік біле бермейтін қырынан көрсете алған шығармашылық ізденіске басымдық берілмек.

        Байқаудың жалпы жүлде қоры – 7 жарым миллион теңге. Бірінші орын иегеріне – 3 миллион, екінші орынға – 2 миллион, үшінші орынға – 1 миллион теңге беріледі. Бұдан бөлек, 300 мың теңгелік бес ынталандыру сыйлығы қарастырылған. Жеңімпаздар қыркүйек айында Алматы қаласы күніне арналған іс-шара барысында марапатталады.

       Байқауға қатысу үшін өтінім мен бейнематериалды aspantaulyalmaty@gmail.com электронды поштасына жолдау қажет. «Аспан таулы Алматы!» – шаһардың сырын жаңа көзқараспен ашып, шығармашылық ойды бейне тілімен жеткізгісі келетіндерге берілген жақсы мүмкіндік. Ендеше, Алматыны өз көзіңізбен көріп, өз жүрегіңізбен сезінген қалпыңызда бейнеге түсіріп, байқауға жолдауға болады.

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите