Түркістан облысында 800-ге жуық ауылдың 88-і алкоголь өнімдерін сатудан толықтай бас тартқан. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылы өңірде алкоголь өнімдері сатылмайтын ауылдар саны 30 болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 60-тан асты. Қазіргі таңда облыстағы 800-ге жуық ауылдың 88-інде ішімдік сатылмайды.
Тұрғындардың айтуынша, бастама жүзеге асқан елді мекендерде қылмыс, бұзақылық пен ұрлық-қарлық сияқты құқық бұзушылықтар тыйылған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Ішімдіксіз ауыл» бастамасын жүзеге асыруда Мақтаарал ауданы көш бастап тұр. Аудандағы 20 ауылдың сауда орындарында алкоголь өнімдерін сату тоқтатылған.
– Жалпы облыстағы 88 ауылдың сауда орындарында алкоголь өнімдері сатылмайды. Оның ішінде Мақтаарал ауданында – 20, Сайрам ауданында – 12, Келес ауданында – 10, Төлеби ауданында – 9 ауыл бар, – делінген ресми мәліметте.
Сондай-ақ Ордабасы ауданында – 7, Сауран ауданында – 6, Арыс қаласында – 5, Созақ, Қазығұрт, Сарыағаш және Отырар аудандарында – 3 ауылдан, Шардара және Түлкібас аудандарында – 2 ауылдан, ал Жетісай, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласында бір-бір ауыл алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан.
Материал ҚазАқпарат агенттігінен алынды.